$494.87 €520.65 ₽4.91
×

2025 жылы онлайн шағын несие алудың шарттары күшейтіледі

2025 жылы онлайн шағын несие алудың шарттары күшейтіледі

Келер жылдан бастап елімізде онлайн шағын несие рәсімдеу шарттары күшейтіледі. Енді несие алушыдан биометриялық тексеріс пен электронды цифрлық қолтаңба талап етіледі. Сондай-ақ құпия сөзді енгізу жүйесі де қатаңдатылмақ. 

Қазір халықтың артық қаражаты банктегі есепшотта. Соңғы жылдары сол қаржыны көздеген алаяқтар иемденіп кетіп жатыр. Оған қоса, несие алдырып, тұрғындарды сан соқтырған жағдайлар аз емес. Мәжіліс депутаттары онлайн несие беру тәртібін қарастыруды бір емес, бірнеше рет көтерді.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біз барлығына рұқсат беріп қойғанбыз, онлайн кредит алуға. Барлығына рұқсат. Бір жыл болды біздің айтып келе жатқанымызға. Халық өзі қорғана алмайды. Әр банкте қаншама заңгерлер бар. Сотқа барады. Соттың барлығы банкке шешіп береді. Ресейді қараңыздар, 30-40% жағдайда тұтынушылардың құқығын қорғап, банктің өзін мәжбүрлейді. Бізде 100% тұтынушылар ұтылады.

Келер жылдан бастап шағын онлайн несие алу тәртібі өзгереді. Енді тұтынушы үш факторлы тексеруден өтеді. Банктер төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыруда клиенттің мобильді нөміріне тексеру кодын жібереді.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ ТӨРАҒАСЫ:

Онлайн микроқарыздарды ресімдеу кезінде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап биометриялық сәйкестендіруді, сол сияқты электрондық цифрлық қолтаңбаны да бір мезгілде міндетті түрде қолдану талабы енгізіледі. Сондай-ақ микроқаржы ұйымдары үшін клиент ақша аударғанға дейін оған банктік шоттың немесе төлем картасының тиесілігін сәйкестендіру талап етіледі.

Сондай-ақ онлайн несие алуда «шешімді өзгерту» кезеңі де қарастырылады. Бұл тұтынушыға қажет жағдайда өз келісімінен бас тартуға мүмкіндік береді. Яғни, несие алушы өз атынан қаржы иемденген алаяқтардың қарызын да жоя алады.

РАСУЛ РЫСМАМБЕТОВ, ЭКОНОМИСТ:

Қазір микрокредиттік ұйымдар екінші деңгейлі банктердің талабы бойынша жұмыс істеуде. Онлайн шағын несие беру ұйымдарының да болғаны жақсы. Қазір онда несие төлемін кешіктіру көрсеткіші азайған. Яғни, халық бұл ұйымдардан алған қарызын дер кезінде жауып отыр. Мұндай ұйымдар тек біздің елде емес, дамыған мемлекеттерде де бар. Тек тұтынушылар дұрыс пайдалана білуі қажет.

Несие алудың талаптарын қиындату- халық игілігі үшін жасалып жатқан әрекет. Бұл азаматтардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.