$494.87 €520.65 ₽4.91
×

13 жасар туыс қарындасын зорлаған күдіктінің біріне іздеу жарияланды

AstanaTV
01.11.2024ж. 08:31
127
13 жасар туыс қарындасын зорлаған күдіктінің біріне іздеу жарияланды

Жамбыл облысында 6 жыл бойы туыс екі ағасынан зорлық-зомбылық көрген 13 жасар қыздың ісіне байланысты полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде бір күдікті ізін суытпай ұсталып, қамаққа алынды. Екінші күдіктіге қатысты іздеу жарияланды. Бұл туралы Қазақпарат жазады. 

Бұған дейін қылмысты жасаған екі күдікті анықталған еді. Жамбыл облысы ПД күдіктінің бірін ұстау бойынша қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Айта кетейік, аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабы 4-бөлігімен (жас балаға қатысты зорлау әрекеті – өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады) қылмыстық іс қозғалған болатын.

Сонымен қатар оқушының өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамағаны үшін мектеп қызметкерлеріне қатысты ҚР ҚК 141-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта жедел-тергеу тобы жұмыс істеуде. Қылмыстық іс Полиция департаменті басшылығының бақылауына алынды.

Аталған оқиғаға байланысты Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Facebook-тегі парақшасында жазба жариялады.

– Өңірлік уәкілмен бірге 6 жыл бойы туыс екі ағасынан зорлық-зомбылық көрген 13 жасар қыздың ісімен жұмыс істеп жатырмыз. Қылмыстық іс қозғалды, қыз анасымен бірге қауіпсіз жерге көшірілді, қажетті көмектің бәрі көрсетілуде. Облыс әкімінің орынбасарының төрағалығымен өткізілген көшпелі комиссия отырысының нәтижесінде аудан әкімінің орынбасары мен мектеп директорына қатысты шаралар қабылданды. Қыз оқыған мектеп – ауылдағы жалғыз мектеп. Бала психолог жинаған сауалнамада сигнал берген, бірақ онымен қажетті жұмыс жүргізілмеді. Лауазымды тұлғалардың немқұрайлылығы үшін жауапқа тарту мақсатында прокуратураға жүгіндім, - деп жазды Динара Закиева.