$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ертең Астана процесінің төртінші кездесуі өтеді

AstanaTV
02.05.2017ж. 20:00
3444
Ертең Астана процесінің төртінші кездесуі өтеді

Ертең Астана процесінің төртінші кездесуі өтеді. Сирия дағдарысын шешуді мақсат еткен бұл жолғы басқосу нәтижелі болуы әбден мүмкін. Себебі қазірдің өзінде Астанаға Сирияның ресми үкімет өкілдерімен қатар, Мұхаммед Алуш бастаған қарулы оппозициялық топтың мүшелері де келіп жетті. Еліміздің сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, тіпті БҰҰ-ның Сирия мәселесі бойынша арнайы өкілі де маңызды жиынға ат басын тіремек. Толығырақ Елдос Сапарғали тарқатсын.

Жоғарғы деңгейдегі келіссөздерге кепіл мемлекеттер, яғни Ресей, Түркия, Иранмен қатар, Йордания, АҚШ, БҰҰ-ның өкілдері байқаушы ретінде қатысады. Атап айтқанда, БҰҰ-ның Сирия мәселесі жөніндегі арнайы өкілі Стеффан де Мистура және АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі де шараның басы-қасынан табылуы мүмкін. 

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:

3-4 мамырда жоғарғы деңгейдегі кездесулер, пленарлық отырыстар болып өтеді. Қазірдің өзінде делегациялар келіп жатыр. Бұл келіссөздердің ең басты мақсаты - сол Сириядағы әскери қарулы соғыстарды тоқтату мәселесі. 

Шетелдік БАҚ, келіссөздер нәтиже бермей келеді, деп жазып жатыр. Дегенмен, Қазақстан бітімгерліктен бас тартқан емес. Бұл жолы Сириядағы дағдарыс қалай шешіледі? АҚШ өкілдерінің келуі келіссөздердің тиімді өтуіне ықпал ете ме? Саясаттанушы пікірін білдік.

Данияр Қосназаров, саясаттанушы:

Сириядағыдай соғыс - қысқа уақытта шешілетін мәселе емес. Бұл ұзақ уақтты қажет ететін күрделі процесс. Тараптар жағдайды өзара түсінсе, оның өзі жетістік. Денгенмен айтарлықтай маңызды шешім қабылдануы екі талай. Мұндай Астана алаңынын болуы оның қажеттілігін және маңыздылығын көрсетеді.

Ал бүгін жабық есік жағдайында кепіл мемлекеттердің әскери сарапшыларының кездесулері өтіп жатыр. Ертеңнен бастап 2 күн қатарынан қатысушылардың екі жақты келіссөздері жүргізіледі. Төртінші мамыр күні қорытынды баспасөз-конференциясы жоспарланған.

Елдос САПАРҒАЛИ