$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Астанада түнгі клубта бойжеткенмен танысқан жігіт 7,2 мың долларынан айырылып қалды

AstanaTV
01.11.2024ж. 14:55
219
Астанада түнгі клубта бойжеткенмен танысқан жігіт 7,2 мың долларынан айырылып қалды

Алматыдан Астанаға көлік алу үшін келген жігіт түнгі клубқа барып, бойжеткенмен танысамын деп 7200 долларынан айырылып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция департаментінің мәліметінше, жас жігіт түнгі мекемеде болып, сол жерде қызбен танысқан. Алғашқы таныстық жастарды жақындастырғаны соншалық, олар басқа барда көңіл көтеруді жалғастырып, соңында қонақүйге барған.

Жігіттің босаңсығаны соншалық, ол байқаусызда сөмкесіндегі 10 мың АҚШ доллары көлемінде банкноттарды көрсеткен.

Қонақ үй бөлмесінде, жігіт ұйықтап қалғаннан кейін, қыз жиналып, өзімен бірге 7200 АҚШ долларын алып кетіп қалған. Оянғаннан кейін көлік сатып алуды жоспарлаған қаражатының жоғалғанын білген азамат полицияға жүгінді.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Есіл ауданының полиция қызметкерлері ұрлық жасады деген 25 жастағы күдіктіні бір тәулік ішінде анықтады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, қыз мойындау көрсетпелерін берді. Полиция қаражаттың бір бөлігін тәркіледі. Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды, бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді. Қоғамдық орындарда құнды заттар мен ірі ақшалай қаражаттарды көрсетпеуге кеңес береміз. Сізге қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасалған жағдайда, «102» арнасына дереу полицияға хабарласу қажет», - делінген департамент хабарламасында.