$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылорда мен Жезқазғанды байланыстыратын күре жолдың құрылысы қарқынды жүруде

Қызылорда мен  Жезқазғанды байланыстыратын күре жолдың құрылысы қарқынды жүруде

Қызылорда мен Жезқазғанды байланыстыратын күре жолдың құрылысы қарқынды жүруде. Бүгінде 5 учаскенің үшеуінде жұмыстар аяқталуға жақын. Қазір соңғы жабындылары төселіп, жол таңбаларын сызу мен белгілерін орнату жұмыстары жүріп жатыр. Ал мамандар жолдың сапасын қатаң бақылауға алған. 

Екі аймақты байланыстыратын 424 шақырым жолдың жартысына жуығы Қызылорда облысына тиесілі. Бұл -еліміздің орталығы мен оңтүстігін жалғайтын төте жол. Сондықтан әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан маңызы зор. Бірақ оның сапасының нашарлығын жүргізушілер үнемі сын тезіне алатын. Енді жол бойындағы жұмыстың жанданғаны көпшілікті қуантуда.

СЕРІК РАЙЫМБЕКОВ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:

Бұрын жол деп айта алмайсың. Жол жоқ бұрын. Бағыт берілген былайынан бар бер деп. Болды. Егер жол бітсе, шығын біраз азаяды. Уақыттан да ұтамыз. Айтады ғой логистика дұрысталады деп, сондай ғой. Сапасы өте тамаша ризамыз.

Бүгінде облыс шекарасынан бастап Қызылорда бағытына қарай 90 шақырым жол көлік қозғалысы үшін ашылды. Күре жолдың бойында 4 қытайлық, бір жергілікті компания жұмыс істеуде. Оған 700-ден аса адам жұмылдырылған.

НҰРТІЛЕК ХАСЕНОВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРЛІГІ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Қызылорда облысы бойынша қазір 192 шақырымы реконструкциядан өтуде. Осы жылдың аяғына дейін 140 шақырымында жаңа асфальт қабатымен жол қозғалысын ашатын боламыз. Алпы жобаның аяқталу мерзімі Қызылорда облысы бойынша 2025 жыл деп есептелінген. 208 шақырымы Ұлытау облысы бойынша келесі жылы реконструкция жұмыстары толықтай басталатын болады.

Қайта жаңғыртудан өтіп жатқан жолға биыл жылжымалы зертханамен мыңнан аса тексеру жүргізілген. Жол жабындысы мен құрылыс материалдарынан 4 мыңнан аса сынама алыныпты. Оның 20 пайызы талапқа сай келмеген. Мамандар соның негізінде мердігерлер өз қаржысы есебінен 167 миллион теңгенің жұмысын қайта жүргізгенін айтты.

БОЛАТБЕК АЙТБАЕВ, «ЖОЛ АКТИВТЕРІ ҰЛТТЫҚ САПА ОРТАЛЫҒЫ» РМК БАС ДИРЕКТОРЫ:

Егер тегістігіне келетін болсақ, қазіргі зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша 96-98 процент нормативтік талаптарына сәйкес келеді. 98 ол балл, бағалауы. Ол нормадан өте жақсы деген көрсеткішті көрсетеді.

Еуропалық даму және қайта құру банкі арқылы қаржыландырылған жобада мердігерлерге өте жоғары талап қойылған. Соған сай бақылау да күшейтілген. Ал арнайы келісімшарт талаптарына сәйкес 5 жылдық мерзімде қандайда бір ақау анықталса, мердігер мекеме қайта қалпына келтіреді.