$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қарағандыда мал ұрлығына қарсы қойылған бекетте 1 КАМАЗ жылқы артқан әкелі-балалы ұсталды

04.11.2024ж. 20:00
249
Қарағандыда мал ұрлығына қарсы қойылған бекетте 1 КАМАЗ жылқы артқан әкелі-балалы ұсталды

Қарағандыда мал ұрлығына қарсы қойылған бекетте 1 КамАЗ жылқы артқан әкелі балалы ұсталды. Оларды таңғы сағат 4-тер шамасында қалаға кіре берісте полиция қызметкерлері тоқтатқан. Көлік ішінде жүргізушімен қоса 57 жастағы азамат және оның 29 жастағы ұлы болған. Тексеру барысында көлікте 40 жылқы анықталды. Жүргізушінің айтуынша, мал 57 жастағы жолаушыға тиесілі. Алайда жылқылардың нақты оған тиесілі екенін анықтайтын құжаттары табылмады. Олар жылқыларды Ақтоғай ауданына қарасты қыстақтардың бірінен қалаға сатуға әкеле жатқан. Полиция көлікті бөлімшеге жеткізіп, криминалдық полиция қызметкерлері жылқыларды суретке түсіріп, Ақтоғай аудандық бөлімшесіне жолдап, кейін олар ауыл тұрғындары отыратын ватцап чатқа таратқан. Нәтижесінде тұрғындардың бірі өзінің екі жылқысын таныған.Қазіргі уақытта барлық жылқы Үштөбе ауылындағы үйлердің бірінің қорасына түсіріліп, ол жерге полиция қызметкерлері күзет қойды. Малдың иелерін іздеп жатыр. Ұсталғандарға қатысты “Мал ұрлау” бабымен іс қозғалды. 

Қайрат ДҮЙСЕНБАЕВ, ЖЫЛҚЫШЫ:

Хабар түсті ұрланған жылқылар әкелінді деген. Полициядан хабар түсті. Сол себеппен келіп біздің таңбасы бар, азотпен басылған СК 23 таңбасымен екі құла жылқыны таныдым

Аслан ӨСКЕНБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КПБ БАСТЫҒЫ:

Тексеру барысында жүк көлікте ешқандай құжаты жоқ 40 жылқы анықталды. Оның 3- еуі Ақтоғай ауданынан ұрланғаны белгілі болды. Қазіргі таңда қалған 37 малдың қалай артылып алынғаны, кімге тиесілі екені анықталып жатыр. Ақтоғай ауданының ауылдарына, жақын маңындағы елдімекендерге хабарлама жіберілді.