$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елімізде биыл 78 ауыл бос қалды

04.11.2024ж. 20:00
233
Елімізде биыл 78 ауыл бос қалды

Ауыл азайып барады. Бір ғана жылдың ішінде 78 елдімекен қаңырап қалды. Мұны есептемегенде, адам саны 50-ге де жетпейтін шалғай көп. Бұлай жалғаса берсе алтын бесік деп көрсететін жерлер түбімен жойылады дейді сарапшылар. Бізде тұрғыны көп өлкеден теріскейге адам шоғырландыру жобасы бар. Бірақ пайдасын көріп жатқанымыз шамалы. Депутаттар бағдарлама жемқорларға желініп біткенін айтып, ашынады. Енді не істеу керек? Әріптесім Аружан Задабек зерттеді. 

Былтыр елде 6286 ауыл болды. Биыл 6208-ге қысқарған. Демек, тағы 78 елдімекен жойылды деген сөз. Соңғы 10 жылда ауыл саны айтарлықтай азайған. 500 қыстақ бос қалды.

Тұрғындар мұны жұмыстың жоқтығы, ақшаның аздығымен байланыстырады.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Жастар жағы ең біріншіден, жұмыс табу үшін, өзінің білім деңгейін көтеру үшін. Қалада көп мүмкіндік бар.
- Көп ауылдар жабылып жатыр. Бұрыннан тұрған адамдар тұрады. Жасы келгендер. Жастар мұнда келеді. Жұмыс жоқ.
- Жұмыс бар қалада. Ауылда не істейді енді? Тіршілік жасау керек қой.

Қазір елде адам саны 50-ге де жетпейтін аумақтар бар. Олардың саны – 546. Әрқайсысында, шамамен, тек 26 тұрғын бар. Ал, заң бойынша елдімекенде 50 азаматтан аз болса, жабылуы тиіс.

Бірақ депутаттар мұнымен келіспейді. Жай жаба берсек, алтын бесігімізден айырыламыз дейді. Сол үшін Үкімет тиісті шаралар қабылдауы керек екенін айтты.

НҰРЛАН ӘУЕСБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Жұмыс орындары болмаған соң қиналған халық, әрине, қалаларға, басқа аудандарға көшеді. Соның салдарынан, көптеген жерлер, ауылдар бос қалып жатыр.Енді соны көріп тұрып, біз әртүрлі сылтау айтып, жүрдім-бардым қарап жатырмыз. Үкімет те солай қарап тұр.

Үкімет шара қабылдамайды деп айтудан аулақпыз. Оңтүстіктен теріскейге адам көшіретін жоба бар. Жоспарын қарасаң, тәп-тәуір бағдарлама. Бірақ жемқорлық жайлап алған дейді депататтар.

Қазір халықтың 38% ауылда тұрады. Бұл - 7,5 млн адам. Ал даму әлеуметі бар жерлердің саны - 3,5 мың. Соның ішінде 1,2 мыңы – тірек ауыл, 2,3 мыңы – серік-спутник саналады. Осыларда ауыл халқының 90% қоныстанған.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңының 3-тармағының 2-бабына сәйкес, халқының саны 50 адамнан азайған шаруа қоныстары мен өзге елді мекендер ең жақын елдімекеннің құрамына енгiзiледi. Мұндай ауылдық елдімекендер тұрғындары орталық ауылдарда көрсетілетін қызметтерді пайдалана алады және осы жерде тұру құқығын сақтайды. Мемлекет оқушыларды тасымалдауды ұйымдастыруды, сондай-ақ пошта, медициналық қызметтер көрсетуді және басқасын қоса алғанда, базалық инфрақұрылымды қолдауды жалғастыруда.

Бірақ мұның барлығы тек уақытша жоба. Сондықтан мәселенің осымен шешіле салмайтынын ұғуымыз керек. «Ауыл, ауыл» деп тек дабыл салмай, нақты заң қабылданса құба-құп.