$494.87 €520.65 ₽4.91
×

АҚШ-та президент сайлауы басталды

AstanaTV
05.11.2024ж. 17:43
170
АҚШ-та президент сайлауы басталды

АҚШ-та ел азаматтары келесі президентін таңдайтын сайлау басталды. Бүкіл әлем бұл үдерісті мұқият бақылап отыр, өйткені сайлау қорытындылары халықаралық аренадағы күшті орналастыруды өзгертуі мүмкін, деп хабарлайды Kazinform.

Ел бойынша сайлау учаскелері 5 қарашада әртүрлі уақытта ашылады.

Вермонт дауыс беруді жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 5-те бастайтын алғашқы штат болады және ол 19:00-ге дейін жалғасады. Одан кейін таңғы сағат 6:00-де Коннектикут, Кентукки, Мэн, Нью-Джерси, Нью-Йорк және Вирджиния штаттарында сайлау учаскелері ашылады. Солтүстік Каролина, Огайо және Батыс Вирджиния штаттарында сайлау процесі таңғы 6:30-да басталады. 37 штатта және Колумбия округінде сайлау таңғы 7:00 мен 10:00 аралығында басталады. Вашингтон штаты мен Аляска тұрғындары сағат 11:00-ден, Гавай халқы сағат 12:00-ден дауыс бере бастайды.

Америкалық сайлаушылар президенттікке алты үміткердің біріне дауыс береді. Олар Камала Харрис (вице-президент, Демократиялық партия), Дональд Трамп (бұрынғы президент, Республикалық партия), Корнел Уэст (философия профессоры, жазушы, дін маманы, христиан социалисті, тәуелсіз кандидат), Джилл Стайн (дәрігер, Жасылдар партиясы), Чейз Оливер (белсенді, Либертариандық партия) және Клаудия Де ла Круз (қоғамдық белсенді, шіркеу пасторы, Социализм және азаттық партиясы).

АҚШ-тың барлық азаматтары дауыс беру үшін осы жылдың 15 қазанына дейін тіркелуі тиіс болған. Дауыс беруге тіркелу үшін АҚШ азаматы және дауыс беретін штаттың тұрақты тұрғыны болуы тиіс. Сайлаушы кем дегенде 18 жаста, ақыл-ойы сау және басқа штатта дауыс беру үшін тіркелмеген болуы шарт.

Дауыс беру бюллетеньдері ағымдағы жылдың 16 қазанынан бастап 22 қазанға дейін пошта арқылы жіберілді және 5 қарашада сағат 20.00-ден кешіктірілмей жарамды пошта штемпелі жапсырылып пошта арқылы қайтарылуы немесе сайлау күні дауыс беру жәшігіне тасталуы тиіс.

Елде дауыс беру барысын жүздеген халықаралық бақылаушы қадағалап отыр.