$494.87 €520.65 ₽4.91
×

БҚО-да көктемгі тасқында су жырған бөгет жөнделіп жатыр

05.11.2024ж. 20:00
130
БҚО-да көктемгі тасқында су жырған бөгет жөнделіп жатыр

Батыс Қазақстан облысында көктемгі тасқында су жырып кеткен Ұзынкөл су қоймасы қайтадан қалпына келтірілуде. Мердігерлер ауқымды жұмысты бірер күнде аяқтаймыз деп отыр. Бөгеттің бүлінген тұсын қайта жөндеуге облыстық резервтен 151 миллион теңге бөлінген. Өңір келер көктемнің қамына қазірден қам жасауда. Тозығы жеткен суқоймалар қайтадан жаңғыртылса, облыс аудандарында 16 бөгет салынып жатыр. 

Ұзынкөл су қоймасының сыйымдылығы 83 миллион текше метр. Бірақ биыл көктемде мұнда 90 млн текше метр су жиналып, бөгетті бұзып кетті. Бірақ дереу Барбастау өзеніне бағытталып, іргелес 5 елдімекен апаттан аман қалды. Бөгеттің бүлінген 90 метр аумағын қалпына келтіру үшін облыстық резервтен 151 млн теңге бөлініпті. Су жырған жерге 100 мың текше метр топырақ үйілген.

МАРАТ МОЛДАШЕВ, БҚО ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазіргі жағдайда жұмысты бітіріп жатырмыз. Бүгін-ертең бітіріп, сосын қабылдаймыз. Тағы да жобалық-сметалық құжаттарды дайындап жатырмыз. Онда барлығы қарастырылған. Плиталармен бетондалып бекітіледі және мына жерге шлюздер қойылады.

Мамандар қалпына келтірілген су қоймасындағы қақпаны ашып, жұмысын тексеріп көрді. Енді жиналған судың артығы осылай ағызылып, мөлшері реттеліп отырады.

ЕРБОЛ ГАПАРОВ, «БАТЫС ИРРИГАЦИЯ» КММ ДИРЕКТОРЫ:

Бүгінгі атқарып жатқан шара көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында жүргізіліп жатыр. Біздің өзіміздің бағалауымыз бойынша суқоймаланың сыйымдылығы 83 миллион текше метр. Соған көктемде судың көлемі айтарлықтай толып келген уақытта соны реттеу үшін бүгінгі таңда суды алдын ала жәймен жүргізіп жатырмыз.

Келер көктемге қазірден бастап қамданған өңірде 16 бөгет салынып жатыр. Бұл ауқымды іске 3 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған.