$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Қазақстан - Францияның стратегиялық және сенімді серіктесі" , - Қ. Тоқаев

05.11.2024ж. 20:00
267
"Қазақстан - Францияның стратегиялық және сенімді серіктесі" , - Қ. Тоқаев

“Қазақстан - Францияның стратегиялық және сенімді серіктесі”. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы көпжақты байланыстарға мән беріп, “Қазақстан халықаралық аренада беделге ие, үлкен дипломатиялық тәжірибесі бар Франциямен байланысты нығайтуға сенетінін” мәлімдеді. 

Мемлекет басшысы мәлімдемесінде Қазақстанның бітімгершілік процестерге араласып, бейбітшілікті қолдайтынын айтты. Бұған дейін Астана Сирия проблемасы бойынша келіссөздер жүргізіп, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты көпжақты келіссөздер алаңын ұсынған. Осындай тұрақтылық құндылықтары - Қазақстан мен Францияға ортақ қағидаттар екенін көрсетеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан сондай-ақ конфессияаралық диалогты ілгерілету үшін бірегей тұғырнама ретінде қызмет ететін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін ұдайы өткізіп тұрады. Бұл күш-жігер ынтымақтастықтың, теңдік пен бейбітшіліктің ортақ құндылықтарын, яғни Қазақстан мен Францияға да тән ортақ қағидаттарын көрсетеді.

Президент Қазақстан француз атом өнеркәсібінің сенімді серіктесі мәртебесін сақтап қалуды көздейтінін жеткізді. Франция басшысы Эмманюэль Макронның азаматтық атом энергетикасы саласында өзара іс-қимылды дамытуға қызығушылық танытуы - қос тараптың стратегиялық әріптестігін кеңейтуге жаңа перспективалар ашады дейді Президент.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жақында тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысы туралы жалпыұлттық референдумның оң нәтижелері болашақта өзара тиімді ынтымақтастық үшін берік негіз қалайды. Әрине, бұл жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді.

Бұл әлемдегі қазіргі тұрақсыздық жағдайында өте маңызды. Сондықтан Қазақстан сияқты орта державалардың көпжақты диалогты ілгерілету және жаһандық әрі өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін өз мүмкіндіктерін пайдалануы қажет.

Ұлттық жоспарда біз ішкі саясатта берік демократиялық басқару жүйесін құрдық және «жасыл» энергетика, цифрлық технологиялар және логистика сияқты болашақ салаларды, соның ішінде француз компанияларымен тығыз қарым-қатынасты белсенді түрде дамытып жатырмыз. Президент мән берген байланыстардың қос тарапқа тиімді екенін саясаттанушылар да айтты.

ТАЛҒАТ ҚАЛИЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Олар енді дүниежүзіндегі көшбасшылардың бірі, олардың тәжірибелері мол. Біздің экономикаға ол керемет даму береді, оның үстіне технология жағынан біраз даму беру керек, сосын біздің өзі мынау білім жағынан, адами капитал көтеру жағынан біраз нәтиже береді деп ойлаймын.

Былтыр екі ел арасындағы сауда саттықтың көлемі 4,2 млрд доллар болса, биыл тоғыз айда 3 млрд 960 млн-ға жеткен. Бұл өткен жылғы осы кезеңнен 45 пайызға көп. Қазақстан Францияға мұнай, металл, химия және ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттайды. Ал, кері бағытта ұшу аппараттары, электронды және механикалық құрылғылар, көлік, дәрі-дәрмек пен азық-түлікті импорттайды.