$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақмола облысында айлакер көлік ұрысы ұсталды

AstanaTV
05.11.2024ж. 23:13
293
Ақмола облысында айлакер көлік ұрысы ұсталды

Ақмола облысында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері айлакер ұрыны құрықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz.

4 қараша күні таңғы сағат 10:00 шамасында полицейлер Екатеринбург-Алматы тасжолының 1071-шақырымында Toyota Camry автокөлігін байқады. Көлік белгісіз себептермен тоқтап, екі жолаушысын түсірді де, кенеттен кері бағытта бұрылып кетті. Бұл тосын әрекет полицейлердің күдігін туғызды, сондықтан олар көлікті тексеруге шешім қабылдады.

Алайда жүргізуші тәртіп сақшыларының заңды талабын елемей, қашуға тырысты. Полицейлердің қырағылығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында қашқын көлікті 1066-шақырымда тоқтатуға мүмкіндік туды. Жүргізуші рөлге ие бола алмай, жол жиегіне шығып кеткен.



Тексеру барысында 46 жастағы жүргізушінің жеке тасымалмен айналысатыны анықталды. Сол күні ол Атбасардан Астанаға екі жолаушыны ала кеткен. Жол бойында жолаушылардың бірі көлікті тоқтатуды сұрап, мұны пайдаланып, жүргізуші сыртқа шыққанда бірден рөлге отырып, көлікті айдап кеткен. Патрульдік полицейлер ұрыны дер кезінде ұстап, жедел-тергеу тобына тапсырды.


Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, қазір бұл оқиғаға қатысты қажетті тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.