$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қостанай облысында жөнделген жолдардың 30 пайызы сын көтермейді

06.11.2024ж. 20:00
284
Қостанай облысында  жөнделген жолдардың 30 пайызы сын көтермейді

Қостанай облысындағы жолдарды жөндеуге қазынадан 60 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған.Алайда Ұлттық орталық мамандары жаңарған жолдың сапасында мін көп екенін айтады.Мердігерлер мен техникалық қадағалау ұйымдарына мыңнан астам ескерту жасалған. Ал зертханалық тексеріс түзелген тас жолдардың 38 пайызы талапқа сай келмейтінін анықтады. 

ЗАҢҒАР САНАЙ, ТІЛШІ:

Биыл Тобыл өңірінде 700 шақырымға жуық жадау жолдың кейпі түзелген.Оның басым бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген .Бірақ мамандар сапасында мін бар дейді.Жөнделген тас жолдардың отыз пайызынан олқылық анықталып отыр.

Жөндеу жұмыстары басталғалы орталық мамандары мың рет жол сапасын тексеруге шыққан. Жол –құрылыс материалдарынан екі мыңға жуық сынама алып, зертханалық тексеріс жүргізді.Жеті жүзден астамы талапқа сай келмейді. Мердігерлер мен техникалық қадағалау ұйымдарына мыңға жуық ескерту жасалған.

АБЫЛАЙХАН АЛШЫНБАЕВ, «ЖОЛ АКТИВТЕРІ САПАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» РМК ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

60 миллиардтан астам қаражат бөлінген.Көбісі орташа жөндеу бағытында іске асырылып жатыр.Облыстық және аудандық маңызы бар жолдар 700 шақырымдай болады.Республикалық жол 114 шақырымдай биыл тапсыруға тиісті.

Аймақ жолдарын жөндеуге былтырғы жылға қарағанда бұл жолы 37 пайызға көп қаражат қарастырылған. Алайда автожол саласын жаңғыртуға ауа райының қолайсыздығы көп қиындық туғызды.Ала жаз бойы 60 күн жаңбыр жауған.Соған қарамастан жөндеу жұмыстары межелі мерзімінде аяқталады, дейді басқарма басшылары.

БОЛАТ СЕЙДАХМЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

43 ауылдық елдімекенде жалпы сомасы 4,7 млрд. теңге құрайды. 371 көшенің жұмыстары толық көлемде аяқталды.Облыстық және аудандық маңызы бар 760 км автожол жөндеу 90% орындалды.

Жол сапасы «AMANAT» партиясының назарынан тыс қалған жоқ. Әсіресе күрделі жөндеу жұмыстары партиялық бақылау комиссиясының жіті бақылауында.

ТОТЫ АЙТМАҒАМБЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ, "АМАNАТ" ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Партиялық бақылау комиссиясы мүшелері тоқсан сайын жөндеу жүргізіліп жатқан учаскелерге барып, мердігер ұйымдармен кездесіп, жұмыс барысын бағалайды. Тексеру барысында мерзімдер мен материалдар сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Комиссия мәселелерді жедел анықтап, оларды шешу жолында жұмыс істейді, осылайша жөндеу жұмыстарының әр кезеңі жоғары стандарттарға сай болуы қамтамасыз етіледі.

Анықталған ақаулардың 40 проценті жойылды.Ал биыл түзетіп үлгермеген мердігерлер, келесі жылы міндетті түрде өз қаражатын жұмсап жөнге келтіреді.Қыруар қаражатқа салынып жатқан жолдардың сапасы жіті қадалағауда дейді басқарма өкілдері.