$495.2 €522.34 ₽4.94
×

«Қасірет шеккен әрбір бала үшін жүрегім ауырады»,- Ғ. Бейсембаев

06.11.2024ж. 20:00
170
«Қасірет шеккен әрбір бала үшін жүрегім ауырады»,- Ғ. Бейсембаев

Билік басындағылар жетімді жылатпаудың жаңа әдісін ойлап тапты. Қазақстанда кәсіби қабылдаушы отбасы институты енгізілуі мүмкін. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, панасыз және көшедегі балалар, сондай-ақ зорлық-зомбылық құрбанына айналған жеткіншектер енді кәсіби отбасыларға орналастырылады. Мәжіліс білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. 

Кәсіби қабылдаушы тәрбиешілер балаларға қолайлы жағдай жасай алатын, тұрғын үйі бар 30 бен 53 жас аралығындағы азамат болуы тиіс. Денсаулық жағдайына байланысты талаптар да қатаң. Ал өз балаларының болу-болмауына байланысты шектеу жоқ. Олар алты айдан аспайтын уақыт ішінде бір мезгілде 4 балаға дейін қабылдай алады. Бүгінде осындай 43 отбасы анықталды. Осы орайда балалардың қауіпсіздігі қаншалықты сақталады деген сұрақ туындайды. Депутаттар «Жығылғанға жұдырық» болмаймыз ба?» деген алаңдаушылығын жеткізді.

ТЕМІР ҚЫРЫҚБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Балалар кәсіби отбасыларға уақытша орналастырылады және бұл процесте қосымша стрессті болдырмау керек бала үшін. Арнайы күтім мен оқытуды қажет ететін, денсаулығында күрделі проблемалар бар балалар жиі ата-анасының қамқорлығынсыз қалатынын да ескеруіміз қажет.

Құзырлылар кәсіби қабылдаушы отбасы мәртебесін алуға ниетті жанұялар қорғаншылық және қамқоршылық органдарында психологиялық дайындықтан өтетінін жеткізді. Тоқсан сайын балалардың денсаулық жағдайы, тәрбиелеу барысы туралы есеп береді. Мемлекет бұл үшін ақша төлеуге әзір. Тәрбиешілердің қызметіне ай сайын 258 мың теңге көлемінде ақы төленеді. Сондай-ақ әр баланы асырауға 36 мың теңге қаржы бөледі.

АЙНА МҮСІРӘЛІМОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл мәселеге қатысты бірқатар түзетулерді енгіздік. Бала үшін жанұя өте маңызды. Кәсіби қабылдаушы отбасы интернаттық ұйымды алмастыратын уақытша форма болуы тиіс. 6 ай ішінде баланың биологиялық ата-анасы іздестіріледі. Егер ата-анасы болмаса, туғандарына беріледі. Балалар үйі соңғы кезекте қарастырылады.

Халық қалаулыларын қыңжылтып отырған тағы бір мәселе бар. Олар балабақшаларды лицензиялау керектігін жарыса айтты. «Баланың тәрбиесі мен денсаулығын бизнеске айналдырмауымыз керек»,- дейді. Сөздерінше, қазір кім көрінген балабақша ашып алған. Психология мен педагогикадан мүлдем хабары жоқ адам сабақ береді.

ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Балабақшадағы балаларға қатысты зорлық-зомблықтарды күнде болмағанмен, апта сайын көріп отырмыз. Бұл тоқтайтын емес. Осыған орай мен және менің әріптестерім осы білім беру ұйымдарын лицензиялау деген мәселені ұсынғанбыз. Бірақ Үкімет бастамамызды қолдамады. Олардың уәжі: бұл балаларды оқытумен қамтудың төмендеуіне әкеледі. Өйткені, біз лицензиялайтын болсақ, олар арнайы талаптарға сәйкес болуы керек. Біз балалардың құқығын ысырып қойып бизнесті қолдауымыз керек пе?

Ведомство басшысы бұл мәселеде асығыстық танытуға болмайтынын жеткізді. Балабақшаларды лицензиялауды бастау тек 2027 жылға қарай мүмкін болмақ.

ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Қасірет шеккен әрбір балаға жүергім ауыратынын айтқым еледі. Барлық жекеменшік балабақшалар, барлық жекеменшік мектептер жаман деп айтуға болмайды. Оның ішінде көптеген адал, таза қызмет көрсетіп отырғандар бар. Жекелеген мәселелерді анықтап, соған қатысты тиісті шараларды қолдануды қолға алып отырмыз.

Депутаттар білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасына байланысты 120-дан астам түзетулер енгізді. Нәтижесінде Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.