$492.14 €528.85 ₽5.01
×

Дональд Трамп АҚШ Президенті сайлауында жеңіске жетті

AstanaTV
06.11.2024ж. 20:00
49
Дональд Трамп АҚШ Президенті сайлауында жеңіске жетті

Дональд Трамп АҚШ Президент сайлауында жеңіске жетті. Сайлау қорытындылары толық шығарылмаса да, бұл ақпарат ресми түрде расталды. Жеңіске жету үшін сайлаушылардың 270 дауысы қажет болса, Трамп қазірдің өзінде 277 дауыс жинап үлгерді. Осылайша, 45-і Президент, енді 47-і болып та тарихта қалмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампқа құттықтау жеделхатын жолдады. Президент Америка халқының өсіп-өркендеуі жолындағы, сондай-ақ жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі қызметіне табыс тіледі. 

Толыққанды республикалық та, демократиялық та көзқарастарды ұстанбайтын 7 штатта Трамп Камала Харристі шаңына ілестірмеді. Республикалық партия өкілі қылмыстың белең алып, мигранттардың көбейгенін өз бағдарламасының негізіне айналдырды. Сайлауалды ұранына: «Күш арқылы бейбітшілікке», - деген Трамп Американың әлемдегі жетекші рөлін нығайтып, қайтарамын деп уәде берді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПАРТИЯ АТЫНАН АҚШ ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ ҮМІТКЕР:

Мен әрқайсыңыз үшін, отбасыларыңыз бен болашақтарыңыздың жолында соңына дейін күресемін. Бұл мақсатқа мен әр күнімді арнаймын. Күшті, қауіпсіз әрі өркениетті Американы құрмайынша, тыным таппаймын. Сіздер және отбасыларыңыз бұған лайық. Бұл – Американың нағыз алтын ғасыры болмақ.

Сарапшылардың көпшілігі қазіргі өткір геосаяси қақтығыс пен жанжал аймақтарында АҚШ саясаты түбегейлі өзгереді деп жорамалдап отыр.

БРОНВЕН МЭДДОКС, CHATHAM HOUSE THINKTANK ДИРЕКТОРЫ:

Ұлыбританияны қосқанның өзінде Еуропа Украинаның қауіпсіздігі үшін сәтті әрекет ете алады деп ойламаймын. Ресейді қақтығысты жалғастырудан бас тартқызу немесе болашақтағы бұл ниетінен айнытуға күш жеткіліксіз. Украинада Америка және оның жетекшілігіндегі НАТО-сыз қауіпсіздікке кепілдігі жоқ. Трамп қазір өзінің уәдесін орындау үшін Украинаға қысым көрсетіп, жанжалды уақытша тоқтатуы мүмкін.

Айта кетейік, Дональд Трамп өз қызметіне 2025 жылдың 20-ы қаңтары кіріседі. Одан бөлек, Трамп Америка Құрама Штаттарын қатарынан болмаса да, екінші рет басқаратын Президент атанбақ. Тарихқа көз жүгіртсек, бұған дейін 19 ғасырда бұл жетістікке Гровер Кливленд жеткен.