$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Трамптың жеңісінен кейін баға көтерілді

07.11.2024ж. 20:00
226
Трамптың жеңісінен кейін баға көтерілді

Ауа райы қалай тез құбылса, биткоин бағасы дәл солай бірден көтерілді. Әлемдегі ең танымал криптовалюта 74 мың долларға бағаланып, тарихи рекорд орнатты. Бұл электронды ақшаның бір ғана күнде 9 процентке қымбаттағанын көрсетеді. Сарапшылар бұған АҚШ-тың жаңа Президенті Трамптың жеңіске жетуі себеп дейді. Бұған дейін ол Американы криптоастанаға айналдырамын деп уәде берген еді. Дегеніне жеткен секілді. Тағы не өзгереді? Қымбатшылық қысым көрсетпей ме? Аружан Задабек талдап көрсін. Эфирде «Жер-жаһан» айдары. 

АҚШ Президентінің сайлауы бүкіл әлемнің назарын аударды. Өзге елдің азаматтарын кімнің басшы болатыны алаңдатып тұрған жоқ. Олардың бар уайымы мынау. «Америкадағы өзгерістердің бір ұшы бізге де тиіп кетпей ме?» деп алаңдайды. Айтып ауыз жимайынша, биткоин бағасы құбылғанын естідік. Трамп екі рет импичмент дауына қалған. Біркездері қылмыстық іс те қозғалған. Жаңа Президенттің «жаулары» да жоқ емес. Оны өзіне жасалған екі қастандықтан аңғаруға болады. 

АРИЭЛЬ СКЕЛЛИ, ТҰРҒЫН:

Ол бізге лайықты Президент емес. Бұл күйзеліс. Мен Нью-Йорктенмін. Мен бұл азаматты бұрыннан білемін. Оның қайта оралғанын көргенде қатты күйзелдім.

Дональд Трамп бұған дейін Ақ үйге оралса не істейтіні жайлы ірі-ірі уәделер берген. Тіпті, сайлауға екі апта қалғанда "Бұл Американың жаңа алтын дәуірі болады" деп сенімді айтты. Дегеніне жетті, жылы орындығына араға бірнеше жыл салып, қайта оралды. Сыншылар Трамп АҚШ демократиясын бүлдіреді десе, жақтастары елдің қуатын қалпына келтіретіне шүбә жоқ екенін айтады. 

ДОНАЛЬД ТРАМП, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПАРТИЯ АТЫНАН АҚШ ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ ҮМІТКЕР:

Америка бізге бұрын-соңды болмаған және күшті мандат берді. Біз Сенатты бақылауды қайтарып алдық. Уау. Бұл керемет.

Трампқа қарсы сайлауға түсіп, одан жеңіліп қалған Камала Харрис дауыс беру қарсаңында Трампты "билікке құмар, ішін өкпе-наз кернеген, кекшіл" адам деп көрсетті. Бұл бергі жағы. Әрі қарай үңілсек жаңа басшы туралы айтылған сөз көп. Осыдан кейін бе, сайлаудан кейін бәрі Харристің қазіргі ойын білуге асықты. Вице-президент саспады, ақ жол тілеп, сәттілік серігің болсын деді. 

КАМАЛА ХАРРИС, АҚШ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз бұл сайлаудың нәтижелерін қабылдауымыз керек. Мен Трамппен сөйлесіп, оны жеңісімен құттықтадым. Мен оған және оның командасына көмектесуге дайын екенімді айттым.

Трамп берген уәде аз емес. Ресейдің Украинадағы соғысын "24 сағатта аяқтаймын" дегенді де айтқан. «Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені» дейді халық. Сөзіне берік, берік емесін уақыт көрсетер.