$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Трамвай соты аяқталды

AstanaTV
15.03.2016ж. 20:00
2093
Трамвай соты аяқталды

Жолындағы 17 көлікті жайпап өткен трамвай апатына қатысты іске бүгін нүкте қойылды. Алматыдағы Алмалы аудандық сотының шешімі бойынша травмай жүргізушісі Елена Стекольникова Қылмыстық кодекстің 345-ші бабының 2 тармағы, яғни «жол ережесін бұзу» және «абайсызда азаматтарға залал келтірді» деген айыппен 2 жылға дейін бостандығы шектелді. Сондай-ақ, 3 жылға дейін көлік жүргізуіне тыйым салынды. Ал оның тәлімгері Ирина Чучкаловаға да аталған кодекстің 348 бабының 2 тармағы бойынша «техникалық ақауы бар көлікті пайдалануға рұқсат бергені» үшін осындай жаза тағайындалған.

Қуаныш Әріпов, Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының төрағасы:

Олар бас бостандығынан шектелуі жазасымен сотталды. Ең бірінші, сот бұл жаза түрін белгілеу барысында соттаушылардың қылмысты әдейілеп емес, қылмысты абайсызда жасағанын ескерді. Сонымен қатар сотталған Чучкалованың қарамағында жасөспірім бала бар. Ал Стекольникова болса, екі баласы бар. Ол ажырасқан тұлға. Олардың кінәләрін жеңілдететін мән-жәйлар толығымен ескеріліп, бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады.

Бұдан бөлек, бұл екеуі апаттан ауыр жарақат алған Шұғыла Сламхатқа, «АлматыЭлектроТранс» ЖШС-мен бірге 1,5 миллион теңге көлеміндегі шығынды өтеп беруге міндеттелді. Ал бастапқы сот отырысында «трамвайдың ахуалын көре тұра, қолданысқа жіберді» деп айыпталған депо механигі Николай Никоненко зардап шеккен Шұғыла Сламхаттан кешірім сұрап, келтірілген залалды өтеп берген. Сол үшін жауапкершіліктен босатылды, дейді сот төрағасы Қуаныш Әріпов. Тағы бір айта кететіні, көліктерін трамвай жайпаған көлік иелері келтірілген шығынды, сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін, сақтандыру компаниялары арқылы өндіретін болады.

Еске сала кетейік, Алматыда 21 қыркүйек күні трамвайдың қатысуымен ірі жол-көлік апаты болған еді. Ол кезде 5 адам зардап шегіп, 17 көлік бүлінген болатын.

Айгүл ЕРМАХАН