$493.85 €519.04 ₽4.97
×

60 жыл бұрын салынған жолдың сау-тамтығы қалмаған

AstanaTV
08.11.2024ж. 20:00
131
60 жыл бұрын салынған жолдың сау-тамтығы қалмаған

Ауылдан шықсаң, кіре алмайсың, кірсең шыға алмайсың. Ауырсаң жедел жәрдем келмейді, такси мүлдем ұмыт болған. Ал, жастар 9 сынып бітер-бітпес кетуге мәжбүр. Ақмола облысы Целиноград ауданы Бірлік ауылындағы жағдай осындай. Оның себебі, дүлей, тылсым күш емес. Тас жолдың бойынан ауылға баратын 7 шақырымдық жол. Елорда іргесіндегі елдімекен тұрғындарының мұң-мұқтажын әріптесім жеткізеді.

ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:

Бірлік ауылына апарар азап жолы дәл осы. Қорғалжың тас жолынан осы жерге дейін 7 шақырым. Оны 15 минутта жүріп өтудің орнына, жүргізушілер 1 сағаттан аса уақытын құртады.

Жол азабын тартқан Бірлік ауылының тұрғындары редакцияға хабарласқан болатын. Айтуларынша, басқа амал қалмаған. Салынғанына 60 жыл болған жол жөндеу көрмеген. Салдарынан Астана іргесіндегі ауылдың тұрмысы нашарлады. Жол ауыртпалығынан ұшан-теңіз проблема туындады. Тіпті жедел жәрдем келмейді.

РАШИТ АШУОВ, БІРЛІК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Батпағы басына шығып жатыр. Мүлдем жүруге келмейді. Ауыл тұрғындарының 90 пайызы, тіпті, одан артық, барлығы дерлік, Астанада, Ақмолда жұмыс істейді. Оларға келуі тиіс көлік, қиын деп келмейді. Жұмыстан шығып қалып жатыр, осы жолдың кесірінен.

Жазда жергілікті тұрғындар төте жол салып, сонымен жүреді. Бірақ, күз келе жаңбыр жауып айнала лайға айналғанда, қатынас қиындай түседі. Қалың қар жауып, боран басталғанда, жол көрінбейді. Ал, құзырлы органдар оны тазаламайды, - дейді ауылдағы ағайын.

АЙЗАДА БОШТАЕВА, БІРЛІК АУЫЛЫНЫҢТҰРҒЫНЫ:

Жаздыкүні бұл жолмен мүлдем жүрмейміз. Басқа жақпен кетеміз. Ойық-шұрық. Қыста, шыны керек, қарды қолмен ашамыз. Мүлдем, погрузчик, ештеңе келмейді.

Проблемалар мұнымен бітпейді. Ауылдағы 9 сыныптық мектепте мұғалім тапшы. Сырттан маман шақырайын десе жол кедергі.

ГАУХАРТАС ӨМІРОВА, БІРЛІК АУЫЛДЫҚ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

Келеді, көреді, жұмыстың бар екенін көріп, қызығып. Жолды көргенде, келе алмаймыз, - деп бірден өз қарсылығын білдіріп, осы жолдың кесірінен, ат-тонын ала қашады.

Бірлік ауылы қарайтын Оразақ ауылдық округінің әкімдігі де, аудан әкімдігі де проблемадан құлағдар. Тұрғындардың жанайқайы біздің де жүрегімізге батады, - дейді атқамінерлер. Айтуынша, жобаның құжаттары әзірленіп, сараптамадан өткен, алғашқы қаржы да бөлініп, тиісті жұмыстар басталған. Жоба ауылдың ішкі көшелерін де қамтиды. Алайда, кенеттен бюджеттен қаржы бөлінбей, жұмыс ортасына жетпей тоқтап қалыпты.

ЕЛДОС ӨМІРСАДЫҚ, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Енді, өкінішке орай, бұл жоба биылдыққа қаржыландырылмаған. Біз үміттеніп отырмыз. Келесі жылы қаржы бөлінген жағдайда, ауылға баратын 5 шақырым жолды келесі жылы аяқтауға тырысамыз.

Тұрғындар дәл қазір жұмысты жалғастырып, жөндеуді аяқтау биыл ауа райына байланысты мүмкін еместігін біледі. Десе де, қыста қар борағанда жолд дер кезінде тазаланса, сәл де болса жүрісіміз жеңілдер еді дейді.