Жақыныңызға күніне неше рет хат жазып, қоңырау соғасыз? Мүмкін тарифіңіз тауысылып, хабарласа алмай жүрген боларсыз? Шынымен, қазір ұялы байланыс операторлары ұсынатын тариф құны қымбаттап барады. Тұрғындар төлемімізге сай қызмет ұсынбайды деп шағымданады. Осы мәселенің мән-жайын Айбек Салдатбек анықтап көрді.
АЙБЕК САЛДАТБЕК, ТІЛШІ:
Алло, мен кеп қалдым, сен қай жердесің? Алло, алло? Міне, тариф салғаныма 10 күн де болған жоқ, минутым бітті. Интернет те ұзаққа жетіп жарытпайды. Бағасы өседі, бірақ қызмет уақыты қысқарады, ал сапасы біздегі ауа райы секілді құбылмалы.
Құбылмалы ауа райы көңіл күйді бұзатыны секілді, қырық құбылатын тариф бағасы бірінші кезекте ұялы телефонды көп қолданатын жастарға ұнамайды.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Тарифім 5600 теңге, оны төмендеткенін қалайтын едім негізі.
- Теле 2-нің бағалары 8 мыңға дейін кетіп жатыр, бірақ мен уже 3 жыл ұстап жатырмын ғой сол номерді.
- Норма баға қандай болу керек сеніңше? -3000, 2800 деп ойлаймын. Өзің төлеп отырсың? -5800
Экономист Бауыржан Ысқақ бәсекелестіктің жоқтығынан ұялы байланыс операторларының қызметі қымбат әрі сапасыз болып отырғанын айтты. Бәсекелестік артса баға төмендеп, саладағы инфрақұрылымға қаржы салынса сапа жақсарады дейді.
БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:
Былтырдың өзінде 260 млрд теңгеге жалпы қазақстандықтар ұялы байланыс операторларының қызметіне жүгінген екен. Биылғы есептерін қарайтын болсақ табыстылыққа жетіп отыр, акциялары өсіп жатыр. Бірақ та осының барлығы да олардың тек қана осы қызметтеріне табыс табумен ғана байланысты.
Ұялы байланыс операторлары қызмет сапасы мен құнына деректерді тұтыну көлемі мен желі жүктемесінің өсуі, инфляция, теңгенің құнсыздануы, байланысты қолдау және сапасын жақсарту шығындары сынды сыртқы факторлар үнемі әсер ететінін мәлімдеді.
BEELINE ҚАЗАҚСТАН:
Біздің қызметтерді пайдаланатын адамдар саны артуда және соңғы бес жылда мобильді деректер сұранысы бес еседен астам өсті, бұл біздің желінің инфрақұрылымына орасан жүк түсіреді. Бір базалық станцияның ресурсы шектеулі, сондықтан жүктеме байланыс сапасына әсер етпеуі үшін қосымша базалық станцияларды орнату және жұмыс істеп тұрған жабдықты жаңарту қажет.
Ұялы байланыс операторларының тариф бағалары 1 айға шамамен 4 мың теңгеден жоғары. Онда да интернетті көп тұтынғанда ұзаққа жетпей қалады. Ал 1 айға жетеді-ау дегендерінің бағалары 7 мыңнан басталып, 10 мыңнан асады.
БАҒА МЕН САПАҒА ӘСЕР ЕТЕДІ
-ДЕРЕКТЕРДІ ТҰТЫНУ КӨЛЕМІ МЕН ЖЕЛІ ЖҮКТЕМЕСІНІҢ ӨСУІ
-ИНФЛЯЦИЯ
-ТЕҢГЕНІҢ ҚҰНСЫЗДАНУЫ
-БАЙЛАНЫСТЫ ҚОЛДАУ ЖӘНЕ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ ШЫҒЫНДАРЫ