Сәуір болса, тәуір болмайтын секілді. Биыл көктемгі тасқыннан 807 елді мекенді су басып, 1 миллионнан аса тұрғын су астында қалуы мүмкін.
Бүгін Астанада Төтенше жағдайлар комитетінің жаңа төрағасы Владимир Беккер осындай мәлімдеме жасады. Бас құтқарушы «қауіпті аймақ» деп 5 бірдей облысты атады. Олар - Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік және Шығыс Қазақстан өңірлері.
Қазір бұл аймақтарда сақтық шаралары күшейтіліп, халыққа алдын ала ескертулер жасалып жатырған көрінеді. Қорғаныс бөгеттері де мейлінше бекітіліп, қатары да еселенген екен. Әзірге құтқарушылар ұзындығы 90 шақырымды құрайтын дамбы тұрғызып қойған. Жалпы республика бойынша 1300 гидротехникалық бөгет болса, соның 500-ден астамы әлі жарамсыз күйде тұр. Құтқарушылар тасқынды наурыз бен сәуір айының басына күтіп отыр.
Владимир Беккер, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:
Тасқынның көбеюі жаһандық жылынуға тікелей қатысты. Қазақстанда 100 жылдық
бақылауға қарағанда, ауа райының жылынуы 2 градусқа ұлғайыпты. Бірақ соңғы 4
жылда ол тіптен 6 градусқа дейін жеткені бар. Әрине, сондықтан қауіп басым.
Оған біз де дайын болуымыз керек. Биылғы тасқын салдарын жоюға 14 млрд теңге
қарастырылып отыр. 9 мың адам мен мыңнан астам техника бірлігі сапта тұр.
Құралай ПИОНЕР