$493.85 €519.04 ₽4.97
×

Аса ірі көлемде мүлік жымқырды деген күдікті Швециядан экстрадицияланды

AstanaTV
09.11.2024ж. 13:35
226
Аса ірі көлемде мүлік жымқырды деген күдікті Швециядан экстрадицияланды

Бүгін Бас прокуратура мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстан Республикасының Стокгольмдегі Елшілігінің көмегімен бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде жымқырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Швеция Корольдігінен Қазақстан азаматын экстрадициялады.

Ол 2015–2020 жылы Шымкенттегі сауда орталығында жұмыс істеп жүріп, өзіне сеніп тапсырылған 57 миллион теңгеге жуық қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған. Ағымдағы жылдың ақпан айында ол Швецияда ұсталды.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өтініші бойынша күдікті Қазақстанға экстрадицияланып, қазір Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды. Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған, — делінген хабарламада.

Бұл туралы BAQ.KZ хабарлайды.