Абай облысында мал ұрлығы өршіп тұр. Жұрттың жайылымда жүрген төрт түлігі ізім-қайым жоғалып жатыр. Зар қаққан Суықбұлақ ауылының тұрғындары құзырлы органдарға өкпелі. Олардың айтуынша, табын сиыр, үйір жылқы жоғалса да, барымташыларды ұстай алмай отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Жарма ауданын барымташылар басынды. Арқасын кеңге салған жұрт төрт түлігін емін-еркін өріске жіберуден қаймығып қалған. Тіпті аңдыған жау, бақташының көзі тайған сәтте үп дегізеді екен. Мәселен, бір ғана шаруа қожалығының өзінен бір жарым айда 25 бас ірі қара жоғалған. Айдың-күннің аманында малынан айырылғандардың бірі - Нұржамал Баймағанбетова. Қолды болған ірі қарасының шығыны шаш-етектен. Жалпы құны 12 миллион. Оның айтуынша, құнығып алған барымташылар тек пышаққа ілінетіндерін таңдап алады екен.
Нұржамал Баймағанбетова: - Шешім қабылдасын. Осының бәрін доғару керек. Өйткені біздің ауыл шаруашылығының жұмысы өте ауыр. Мал асырауымыз керек. Оған шөп жинауымыз керек, қыстан алып шығуымыз, төлдетуіміз керек. Оның бәрін істеп болғанда ұрлық басталады. Міне, үш рет жоғалттық, бірде-бірі табылмады. Ұрлықтың ашылуы - нөл.
Ал полиция қызметкерлері Жарма ауданында мал ұрлығының өршіп тұрғанын мойындап отыр. Алайда олар қолындағы төрт-түлігінен көз жазған жұрттың өзін кінәлі санайды.
Айдын Кабитов, Абай облысы ПД аға жедел уәкілі: - Жарма ауданы мал ұрлығы деңгейі жоғарғы аймақтардың бірі. Жыл басынан бері бұл ауданда 14 факті тіркелді. Оның үшеуі ашылды. Қалғаны бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізілуде. Мал ұрлығының негізгі себептері - малды жайылымда қараусыз қалдыру. Бұл қылмыс жасауға қолайлы жағдай туғызады.
Тәртіп сақшылары Абай облысында, жыл басынан бері мал ұрлығымен 18 адам ұсталғанын жеткізді. 11 күдікті барымташылықты жолға қойған қылмыстық топтардың мүшелері екен. Ал жоғалғанын жоқтаған ауыл жұрты, ұрыларға тосқауыл қойылмаса, сонында таяқ ұсатап қаламыз ба деп алаңдаулы.