Еліміздегі туризм саласына қатысты тың мәліметтер жария етілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлімдеді.
Министрлік редакция жолдаған сауалға берген жауабында қазақстандық саяхатшылар ең жиі барған ел мен биыл елімізге қай елден ең көп туристер келгенін айтты. Сондай-ақ соңғы жылдардағы отандық туризмді дамытуға негізделген жаңалықтарымен де бөлісті. Сонымен не белгілі?
Қазақстандықтар ең жиі баратын ел - Түркия
Министрлік ұсынған тізімде қазақстандық саяхатшылар ең көп барған ел ретінде Түркия көш бастап тұр. Биылғы жаздың өзінде 223 885 қазақстандық Түркияға саяхаттаған. Ал екінші орында - Египет. Мысыр еліне қонақ болып қайтқан қазақтар саны 65 606 адамды құрады. Үздік үштікті БАӘ қорытындылайды. Биыл Араб Әмірліктеріне 49 451 адам барған.
Ондық құрамын Вьетнам (38 317 адам), Таиланд (13 184 адам), Қытай (11 788 адам), Грузия (9 073 адам), Черногория (4 935 адам), Мальдив аралдары (3 776 адам), Сауд Арабиясы (3 361 адам) сынды елдер толтырып отыр. "Туристік Қамқор" корпоративтік қорының мәліметтері бойынша қазақстандықтар ең аз баратын ел - Ресей (132 адам).
Елімізге қай елдің туристері жиі келеді?
Қазақстандықтар көршілес жатқан Ресейге өте аз барғанымен, елімізге ең жиі келетін туристер ресейліктер екен.
"2024 жылдың алғашқы 6 айында елімізге ең көп саяхатшы келген елдер: Ресей Федерациясы - 186,1 мың адам, Қытай - 69 918 адам, Үндістан - 53 695 адам, Түркия - 30 312 адам және АҚШ - 19 597 адам", - делінген министрлік жауабында.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес жыл басынан бері орналастыру орындарымен 566,5 мың шетелдік туриске қызмет көрсетілген. 2023 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда (515,8 мың шетелдік турист келген) 50,7 мың адамға немесе 9,8%-ға ұлғайды.
"83 елдің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алады"
Туризм министрлігі қазіргі уақытта 83 елдің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алатынын және бұл тізімнің әлі де көбейтілуі мүмкін екенін жазды. Сондай-ақ шетелдік азаматтарға елде ұзақ мерзім болу құқығын бере отырып, көшпенділер визасын (Neo Nomad Visa) енгізу туралы мәселе қарастырылып жатқаны айтылды.
"Қазіргі уақытта 83 елдің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алады, сонымен қатар визасыз елдер тізбесін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, шетелдік азаматтарға елде ұзақ мерзімді болу құқығын бере отырып, қазіргі заманғы көшпенділердің визасын енгізу мәселесі қаралуда (Neo Nomad Visa)", - деп мәлімдеді министрлік.
Neo Nomad Visa жайлы не белгілі?
Neo Nomad Visa - жаңа виза түрі. Әлемнің кейбір елдерінде қолданылады. Ол цифрлық жұмысшыларға, яғни жұмысын онлайн істеп, кез келген жерден табыс табатын адамдарға басқа елде ұзақ уақыт тұруға мүмкіндік береді. Neo Nomad Visa арқылы цифрлық көшпенділер салық немесе резиденттік мәселелерді оңай шеше алады және елде белгілі бір мерзімге дейін тұрып, жұмыс істей алады.
Қазіргі уақытта Еуропа, Азия, Орталық және Оңтүстік Американың 50-ден астам елінде цифрлық көшпенділер визасы енгізілді. Осылайша, өз экономикасын қолдау үшін аталмыш елдер шетелдіктерді олар үшін тиімді шарттармен белсенді түрде тартады.
"Ведомствоаралық жұмыс тобы мүшелерінің халықаралық тәжірибесі мен ұсынымдары негізінде Туризм және спорт министрлігі цифрлық көшпенділер визасын және оны енгізу үшін Жол картасын алудың егжей-тегжейлі тетігінің жобаларын әзірледі, олар мүдделі мемлекеттік органдардың қарауына жіберілді. Тетіктің жобасы шетелдік компаниямен еңбек келісімшарты бар немесе өзінің шетелдік компаниясына иелік ететін шетелдік азаматтардың визаны ұзарту мүмкіндігімен бір жылға дейінгі мерзімге алу мүмкіндігін көздейді", - делінген министрлік жауабында.
Қоса кетейік, көшпенділер визасын алу талаптарына жас шектеулері (23 жастан асқан), соттылығының болмауы, заңды табысының кемінде 3 000 АҚШ доллары болуы, Қазақстанда тұрғын үйді жалға алу және медициналық сақтандырудың болуы (зейнеткерлер үшін ерекше талаптар көзделген) кіреді.