$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы ауылдарда қоғамдық қабылдау өткізді

«AMANAT»  партиясы Қызылорда облыстық филиалы ауылдарда қоғамдық қабылдау өткізді

Қызылорда облысы Шаған ауылында аяқсу мәселесі түйткілді. Тұрғындардың айтуынша, ауылішілік арықтардың кейбірі көміліп, арнасы тарылып қалған. Ол есік алдындағы бақшаны көгертуге кедергі дейді. 5 мыңға жуық тұрғыны бар ауылда жұмыспен қамту, жолдарды жөндеу мәселелері де өзекті болып отыр. Тұрғындар оны «AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауында көтерді. Жыл басынан бері 14 шалғай елдімекенді аралаған олар бұл жолы Шаған және Нағи Ілиясов ауылдарында болды. «Бұл уақытымызды үнемдеп, мәселемізді жүзбе-жүз айтуға үлкен мүмкіндік» дейді тұрғындар.

КЕНЖЕГҮЛ ТҰСМАҒАНБЕТОВА,ТҰРҒЫН:

Ойымдағы, көкейімдегі сұрақтарды қойдым. Жауабын жақсы алдым. Осындай шаралар әрдайым ұйымдастырып келіп тұрса. Біз енді жұмыстағы кісілерміз. Бара алмаймыз ол жаққа әдейілеп, рақмет сіздерге.

Қоғамдық қабылдауға көршілес орналасқан ауылдардан да келіп жатқандар бар. Олар сала мамандарына толғандырған сауалдарын қойып, базыналарын жеткізді.

АЛМАСБЕК ЕСМАХАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Ауылға газ кіргізу, спорт сауықтыру кешенін салу және мұнан бөлек жұмыспен қамту мәселелерін де көтеріп жатыр. «AMANAT» партиясы барлық көтерілген мәселелерді бақылауын алып, шешу бағытында тиісті жұмыстарды жүргізетін болады.