$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Дәрі-дәрмекке тапшылық мүлде болмауы керек», - О. Бектенов

12.11.2024ж. 20:00
226
«Дәрі-дәрмекке тапшылық мүлде болмауы керек», - О. Бектенов

Елде дәрі-дәрмек құны ұшып тұр. Кей жерлерде тапшылық байқалады. Министрлік бағаның бірден көтерілуіне маркетинг пен логистика себеп дейді. Мәселені шешу үшін тиісті құжаттарды қарап жатқанын айтты. Жыл соңына дейін реттейміз деп уәде берді. 

Биыл халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін республикалық қазынадан 474 млрд, ал жергілікті бюджеттен 26,7 млрд теңге бөлінді. Оның 250 миллиардына 3,5 млн пациент 120 нозология бойынша тегін препарат алды. Сондай-ақ ауыл тұрғындары үшін 172 мемлекеттік, 694 жеке дәріхана ашылды. Тағы 15 жылжымалы пункт жұрт игілігіне берілген.

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Пациенттердің стационарлық деңгейдегі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға сәйкес орталықтандырылған және дербес сатып алу арқылы жүзеге асырылады.

Жұрттың дәрі жетіспейді, іздегенімізді таба алмадық дегенін талай естідік. Әсіресе, соңғы кездері тапшылықтың артқанын байқаймыз. Бірақ осы салада жүрген мамандар мұны білмесе керек. Үкімет отырысында препарат тізімі едәуір ұлғайды деп есеп берді. 2010 жылмен салыстырғанда 15 есе көбейді, - дейді.

ЕРКЕН ЖАҚАТАЕВ, «СҚ-ФАРМАЦИЯ» ЖШС БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Бүкіл еліміз бойынша 1,2 мыңнан астам стационар мен 700 емхананы дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етеді. Т ізбесінде 480 млрд теңгеге 1588 фармацевтика атауы бар. отандық 35 өндіруші арқылы 4 мыңға жуық дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдар жеткізуге ұзақмерзімді шарттар жасалды.

Дәрі тапшылығын шешу үшін Алматыда жоғары технологиялық дәрілік заттарды шығаратын жаңа зауыт салынбақ. Оған шамамен 70 млн доллар қажет. Нобел фармацевтикалық фабрикасы да келер жылы өнім көлемін 25 млн қаптамаға дейін ұлғайтуды көздеп отыр.

СВЕТЛАНА КИЛЬ, "НОБЕЛ АФФ" БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Мемлекеттік қолдаудың арқасында біздің компаниямен 11 ұзақ мерзімді шарт жасалды, оның шеңберінде 2025 жылы біз 106 атауды жеткізуді жоспарлап отырмыз. 11 препарат алғаш рет іске қосылды, оның ішінде Roche компаниясымен келісімшарттық өндіріс бойынша 4 түпнұсқа препарат бар.

Бізде сирек кездесетін ауруы бар науқастарға қымбат дәрілер тегін беріледі. Бірақ арамызда өзіне тиесілі препаратты ала алмай жүргендер бар. Өйткені олар өздерінің ақысыз дәрмек алуына құқылы екенін де білмеді.Үкімет басшысы осы олқылықтың орнын толтыруды тапсырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Президент ұлт денсаулығын нығайту үшін кешенді шараларды іске асыруды тапсырды. Бұл орайда халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету – аса маңызды мәселе болып отыр. Мемлекет медициналық көмек көрсету кезінде және есепте тұрғандарға дәрілік заттарды тегін береді. Бұл мақсатқа биылдың өзінде бюджеттен шамамен 500 млрд теңге бөлінді.

Қазір елде дәрінің 7 мыңға жуық түрі бар. Тағы 13 мыңнан астам медициналық бұйым тіркелген. Ал оларға сараптама жасау үшін 3 зертхана жұмыс істейді.