$493.85 €519.04 ₽4.97
×

Мемлекет басшысы Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитіне қатысты

12.11.2024ж. 20:00
146
Мемлекет басшысы Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитіне қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Әзербайжанға барды. Онда Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитіне қатысты. Шара Климаттың өзгеруі жөніндегі Біріккен ұлттар ұйымының конференциясы аясында өтті. Онда не айтылды? Президенттің бұл сапары қандай маңызға ие? Тілшіміз тарқатады. 

Баку олимпиадалық стадионына келген Қасым-Жомарт Тоқаевты Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев пен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш қарсы алды. Мемлекет басшысы пленарлық сессияның ашылуынан кейін бірінші болып сөз сөйледі. Табиғат өзгерістеріне осал аймақтарға, әсіресе, теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдерге айрықша мән берілуі керегін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әлемдегі зиянды шығарындылардың 1 пайызы ғана Орталық Азия елдеріне тиесілі. Соған қарамастан бұл аймақ көптеген климаттық қатерге ұшырап отыр. Табиғаттағы өзгерістерге қарай әрекет ету шараларының тиімділігін арттыру үшін біз жасанды интеллект, жерсерік арқылы мониторингтің озық технологияларын, қауіпті алдын ала ескертетін, су және жер ресурстарын анағұрлым тиімді басқаратын басқа да цифрлық құралдарды белсенді қолдануға тиіспіз.

Одан соң Президент ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға көшудің маңызды екенін жеткізді. Ауыл шаруашылығын жүргізу әдістерін енгізуге Қазақстан қай жағынан да қолайлы екенін айтып, қызығушылық танытқандарды еліміздің осы саладағы әлеуетін зерттеуге шақырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Еліміз әлемдік уран жеткізу ісінің 43 пайызын қамтамасыз етеді және көміртегі мөлшері төмен қуат көзі саналатын ядролық энергетиканы дамытуда маңызды рөл атқарады. Биыл қазан айында өткен жалпыұлттық референдумда халқымыздың басым бөлігі Қазақстанда атом электр станциясын салуды қолдады. Біз осы саладағы жетекші технологиялық алпауыттармен серіктесе отырып, аталған жобаның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге ұмтыламыз.

Климат саласындағы әлем көшбасшыларының саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев дүниежүзіндегі су ресурстарына қатысты проблеманы да назардан тыс қалдырмады. Каспий теңізіне қауіп төніп тұрғанын, оны құтқару баршаға ортақ міндет екенін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінде Каспий теңізіне қауіп төніп тұр. Әлемдегі ең үлкен көлді құтқару – баршаға ортақ міндет әрі бұл ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастықты талап етеді. Осы орайда Президент Ильхам Әлиевтің Каспий маңы мемлекеттерінің сарапшылар тобын құру туралы ұсынысын қолдаймыз. Сонымен қатар Қазақстан Арал теңізін құтқару үшін нақты шаралар қабылдап жатыр.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әділ, инклюзивті әрі ашық климаттық күн тәртібін қалыптастыруда Қазақстанның халықаралық серіктестермен ықпалдастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.