$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Павлодарда жол ережесін 30 рет бұзған жүргізуші 2 млн теңге айыппұлмен ұсталды

AstanaTV
12.11.2024ж. 21:12
277
Павлодарда жол ережесін 30 рет бұзған жүргізуші 2 млн теңге айыппұлмен ұсталды

Павлодар қаласында Mercedes автокөлігінің 42 жастағы жүргізушісі ірі көлемдегі – 2 миллион теңгеден асатын айыппұлмен ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жол ережесін өрескел бұзған жергілікті тұрғын Назарбаев даңғылында полиция қызметкерлерінің назарына ілікті. – Қысқа мерзім ішінде жүргізуші жол ережесін шамамен 30 рет бұзған. Айыппұлдардың жалпы сомасы 2 миллион теңгеден асып түсті. Кей жағдайларда ол көлігін аса жоғары жылдамдықпен айдаған.

Автокөлік шетелде тіркелген. Қазіргі таңда көлік құралы мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды, ал жүргізуші барлық айыппұлдарды толық төлеуге міндетті. Мәселен, қазан айында жүргізуші Омбы тас жолында жылдамдық режимін бұзып, елді мекен ішінде 60 км/сағ шектелген жылдамдық орнына 93 км/сағ жылдамдықпен жүрген, – деп мәлімдеді Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Борис Әлімбаев.

Полиция қызметкерлері жазаның бұлтартпастығы қағидатын тағы да еске салып, жол қозғалысына қатысушыларды жол ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Бұл оқиға жол қозғалысы ережелерінің сақталуының маңыздылығын және жүргізушілердің өтелмеген айыппұлдар үшін жауапкершілігін еске салады.

Елдімекендердегі жылдамдықты арттыру барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіреді. Айта кетерлігі, биыл Павлодар полицейлері айыппұлдарын төлемегені үшін 42 көлікті айыппұл тұрағына қойды. Барлық айыппұлдарды өтегеннен кейін көліктер иелеріне қайтарылды.