Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Мәскеудегі дауылдың салдарынан 14 адам көз жұмды

AstanaTV
30.05.2017ж. 20:00
3004
Мәскеудегі дауылдың салдарынан 14 адам көз жұмды

Ал Мәскеудегі алапат дауылдан 14 адам көз жұмып, 168 адам жарақат алған. Бұл ақпаратты Ресейдің тергеу комитеті тастап отыр. 1000-ға жуық құтқарушы жұмысты тоқтатқан жоқ. Олар астаң-кестеңі шыққан көшелерді 6 000-нан астам құлаған ағаш пен қирандылардан тазартып жатыр. Табиғаттың тосын мінезінен келген шығынның көлемі әзірге белгісіз. Дауылдың кесірінен 2000-ға жуық көлікке зақым келгені белгілі.

Айналдырған 10 минуттың ішінде жел көтерілді. Содан шыршалар құлап, 3 көлікті басып қалды. Қысқа уақыттың ішінде осындай тылсым жайтта куә болдық.

Адамдардың көз жұмуына көбіне осы ағаштардың құлауы себеп. Желдің қатты тұрғаны сонша, аялдаманы орнынан қозғап, жаяу жүргіншілер жолына апарып тастаған. Осы жайттың кесірінен 1 адам көз жұмыпты.

Гүлнар Шакирова, Мәскеу қаласы коммуналдық қызметінің өкілі:

Көрдіңіз бе, ағаштардың дені құлап жатыр. Біз уақытылы іске кірістік. Әлі де тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түнге дейін қаланың біраз бөлігін қалпына келтіруге тырысамыз.

Қалалық әкімшілік дауылдан зақым алған 170 адамға өтемақы төленеді деп отыр. Аз уақыттың ішінде тұрған жел көлік қозғалысын бөгеп тастаған. 300-ге жуық елді мекенде жарық жоқ. Жергілікті денсаулық сақтау басқармасы бұл жолғы төтенше жағдай соңғы бір ғасырда ең көп адам көз жұмғанымен есте қалатынын айтады.

Айбек ҚОСАН