$494.87 €520.65 ₽4.91
×

“Театрды “ресторан“ қылған деректер бар“ - депутат Зайытов

AstanaTV
13.11.2024ж. 13:02
226
“Театрды “ресторан“ қылған деректер бар“ - депутат Зайытов

Депутат Ринат Зайытов Мәжілістің жалпы отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға ашық сұрақ қойды. Ол еліміздегі мәдениет ошақтарына қатысты мәселені көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттың сөзінше, Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзыретіндегі мекемелердің айналасындағы дау тоқтамай тұр.

"Қара шаңырағымыз "Қазақфильм" қазір талан-таражға түсіп, құруға жақын қалды. Қара шаңырағымыз Абай атындағы опера және балет театрын кейінгі уақытта "ресторан" қылған да деректер бар. Менде дәлел жоқ емес, бар. Сондықтан айтып отырмын", - дейді Зайытов.

Министр Балаева депутаттардың алдына келіп, бұл мәселені талқылауға дайын екенін жеткізді.

"Ринат Рифхатұлы, аласапырандайтын жағдай жоқ. Министрлік өзінің жүйелі жұмысын істеп жатыр. Мәдени ошақтарға, кинематографияға қатысты өз ұсынысымды бергенмін. Мәжілістің бір отырысында жақсы талқылаулар жүргізіп, атқарып жатқан жұмыстарды алдарыңызға салып, сұрақтарыңызға жауап беруге дайынмын. Басқа да ұйымдарға қатысты сұрақтар болса, оны да айтуға болады. Бірақ барлық жұмысты жоққа шығарып, барлығы жаман деп айту дұрыс емес", - деді министр.

Еске салайық, бұған дейін "Қазақфильмнің" жобаларына бөлінген 500 миллион теңгеге қатысты дау шықты. Биыл 16 шілдеде анимация бөлімінің бірнеше қызметкері 7 ай бойы жалақысыз отырғанын, "Алтын адам" жобасы үшін ақы алмағанын, Үкімет бекіткен 500 миллион теңгенің жобасы басталмағанын және анимация бөлімінде тінту жүргізілгенін айтып, наразылыққа шықты.