$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Петропавлда көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 120 отбасы 40 миллион теңге өтемақы алды

AstanaTV
30.05.2017ж. 20:00
2312
Петропавлда көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 120 отбасы 40 миллион теңге өтемақы алды

Петропавлда көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 120 отбасы жалпы көлемде 40 миллион теңге өтемақы алды. Шығынды қайтару жұмысы әрімен қарай жалғасатын болады, деді жергілікті атқамінерлер. Қызыл су жайылған кезде облыс орталығының 4 шағын ауданы зардап шеккен болатын. Мамырдың он екісінде залалды анықтауға кіріскен комиссия барлығы 256 үйді тексерген.

Сәния Смаилова, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

Комиссия шығынды бағалаушылармен бірлесіп анықтады. Өтемақы 24 мамырдан бастап төленіп келеді. Шығын қалалық бюджеттің есебінен өтеліп жатыр. Қаражат тұрғындарға дер кезінде қайтарылуда. Әзірге 120 отбасыға 40 миллион теңге таратылған болатын.

Өтемақыны төлеу науқаны Қызылжар ауданында да басталды. Мұнда табиғи апаттан барлығы жүзден астам баспана зардап шеккен. 14 баспананың иесі талап еткен сомаға ие болды. Комиссияның қорытындысына сәйкес, бұл ауданда шығынды өтеуге шамамен 67 миллион теңге қажет.

Ал тасқыннан алғашқылардың бірі болып жапа шеккен Рузаев ауылы тұрғындарының барлығы өтемақыны алып болған. Мұнда 108 жанұяның шығыны қайтарылған. Әрбір отбасыға шамамен жарты миллион теңгеден төленді. Ал су тасқыны шайып кеткен 8 үйдің иесіне жаңа баспана сатып алынды. Қаражат облыстық бюджет пен қайырымдылық қорлардың есебінен өтелді.