$493.85 €519.04 ₽4.97
×

Депутат футбол федерациясының басшылығына жүрегі қазақ деп соғатын азаматты қоюды сұрады

13.11.2024ж. 20:00
210
Депутат футбол федерациясының басшылығына жүрегі қазақ деп соғатын азаматты қоюды сұрады

«Есеп бергенде бәрі әдемі». Бір нарсені айтқанда еселендіріп, жоқты бар, барды берекелі етіп көрсету қанға сіңген. Әсірсе, мұны басшылар мықтап меңгеріп алыпты. Бірақ үңіліп қарасаң, бөлінген ақшаның ізін де байқамайсың. Мәселен, былтыр кәсіби спортқа 22,6 млрд теңге бөлінген. Ақтаған, ақтамағанын өзіңіз саралаңыз. Ал әріптесім ауаға кеткен ақшалар туралы айтады. Айтып қана қоймай, оның шешу жолдары туралы баяндама жасаған депутаттармен тілдеседі. 

Қазақстанның ақшасын асауды білгенмен алаңда үлкен жетістік жасауды білмеген легионерлерге мемлекеттің де, квазимемлекеттік сектордың бюджетінен де қаржы бөлу енді тоқтатылады. Бұл норманы бір топ депутаттар қолдап отыр.

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл Заң жобасы отандық спорттың жылдар бойы қордаланып қалған қадау-қадау мәселерін шешетін, бюджеттің бүйірін теспей сорып, спортқа бөлінген қаржыны мақсатсыз жұмсауды тоқтатады деп сенеміз. Себебі спортқа қыруар ақша бөлінгенім еткен еңбектен кеткен кемшілік көп екенін сіз бен біз үнемі айтып жүрміз.

Қазір ұлттық құрамада Қазақстанның азаматтығын алып алған шетелдік легионерлер жетіп артылады. Бірақ олардың жеткен жетістіктігіне келгенде аузымызға құм құйылады. Оларға келген кезде Үкімет ақшаны да үйіп төкті, азаматтықты да жылдам әрі тез алып берді. Бірақ Париж олимпиадасының алдында Қазақстанның азаматтығын алып алған екі теннисші ең маңызды сәтте жарысқа қатысудан бас тартқанын да білеміз.

ЕРБОЛ МЫРЗАБОСЫНОВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

Заң жобасы аясында Қазақстан азаматтары болып есептелмейтін спортшылар бюджет қаражаты мен квазимемлекеттік сектор қаржыландыруға тыйым салу көзделген. Әрине, біз заң аясында азаматтықты алып, ел чемпионаттарына қатысамын дегендерге шектеу қоя алмаймыз.

Бізде ойыншыларды былай қойғанда, федерация басшыларының өзі шет елден келген. Депутаттар мұндай орынға жүрегі қазақ деп соғатын азаматтарды қоюды сұрады.

ЖИГУЛИ ДАЙРАБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Қазақстан футбол федерациясының басшысы да ауысты, сол жерге жүрегі қазақ деп соғатын бір азаматты алып келіңіздерші, өтініш.

Легионерлерге ақшаны шашуға дайын министрлік, ұлттық спортқа бет бұрар емес. Былтыр кәсіби спортқа 22,6 млрд теңге қаражат бөлінген. Ал ұлттық спорт түрлеріне 856 млн теңге берілді. Екі қаржының арасы жер мен көктей. Депутаттарды ызаландырған мәселе де – осы.

ҚАЗЫБЕК ӘЛІШОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Елімізде ұлттық спорт түрлері бойынша бөлінетін қаражат мардымсыз. Әсіресе өңірлерде маңызды. Өңірлерде ұлттық спорт жарыстары демеушілер есеюінен өтеді.

Сондай-ақ заң жобасында министрлік бұрын бекіткен, бюджетке қол салғаны болмаса атының өзін ағайын білмейтін спорт түрлерін қазына қаржысынан қағу мәселесі қарастырылған.