$493.85 €519.04 ₽4.97
×

Қытай мен АҚШ басшылары Перуде кездесуі мүмкін

AstanaTV
15.11.2024ж. 07:00
35
Қытай мен АҚШ басшылары Перуде кездесуі мүмкін

15-16 қараша күндері Перу астанасы Лимада Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (APEC) көшбасшыларының 31-бейресми кездесуі өтеді. Бұл шараға Қытай мен Америка Құрама Штаттарының басшылары қатыспақ. Бұл туралы RFI хабарлайды.

АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Джейкоб Салливан сәрсенбіде (13 қараша) АҚШ президенті Джозеф Байден Перу астанасы Лимада Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездеседі деп мәлімдеді.

Салливан кездесу күнін растамады, бірақ екі алып мемлекет басшылары кездесуі мүмкін деген болжам бар.

Бұл Байден мен Си Цзиньпиннің 2023 жылдың қарашасынан кейінгі алғашқы бетпе-бет кездесуі болмақ.

Екі жақ АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленістерді қоса алғанда, бірқатар жаһандық өзекті мәселелерді талқылайды деп күтілуде, сонымен қатар Тайвань бұғазы, Оңтүстік Қытай теңізі және Ресей-Украина соғысы сияқты мәселелер бойынша шиеленісті азайтуға тырысады.

Жаңадан сайланған АҚШ президенті Трамп ресми түрде келесі жылдың қаңтарында қызметіне кірісетіндіктен, бұл Байден мен Си Цзиньпиннің оның өкілеттігі кезіндегі соңғы кездесуі болады деп күтілуде.

Трамп Қытайға қосымша тарифтер енгізуді жоспарлап отыр. Сондықтан, кейбір сарапшылар Байден АҚШ-Қытай саммиті арқылы екіжақты қарым-қатынастарды тұрақтандыруға, сол арқылы биліктің кедергісіз ауысуына ықпал етуге үміттенеді деп есептейді.

Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды.