$493.85 €519.04 ₽4.97
×

Павлодар облысында жол күтіміне атүсті қарағандарға айыппұл салынды

AstanaTV
15.11.2024ж. 15:04
100
Павлодар облысында жол күтіміне атүсті қарағандарға айыппұл салынды

Павлодар облысында автокөлік жолдарының күтіміне атүсті қараған 274 лауазымды және заңды тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды, деп хабарлайды 24KZ.

Оның жалпы сомасы 10 миллион теңгеден асады. Тексеру барысында анықталған ақауларды жою үшін 1400-ге жуық ұйғарым беріліпті. Облыстық Полиция департаменті жыл басынан бері 25 мың шақырымнан асатын автокөлік жолдарына зерттеу жүргізген. Нәтижесінде үш мыңдай ақау табылды.

Полиция автомобиль жолдарының, жол құрылыстарының, теміржол өткелдерінің, жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарының және жол жұмыстары жүргізілетін орындардың пайдалану жай-күйіне тексеру жүргізеді.

Борис Әлімбаев, Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының басшысы: - Сондай-ақ 2024 жылы көше-жол желісі мен автомобиль жолдарын тексеру актісі негізінде мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары берген заңды талаптарды немесе ұсыныстарды орындамағаны үшін заңды тұлғалар жазаланды. Мысалы, жолдарда жұмыс жүргізу жолдар мен жол құрылысының ережелерін бұзғаны үшін 1 млн 200 мың теңге сомасында «Қажсервис» Павлодар филиалы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.