Ақмола облысында биыл сапасыз құрылыс үшін 23 мердігер ұйым жауапкершілікке тартылды,-деп хабарлайды Қазақстан Телеарнасы.
Оларға 33 миллион теңгеден аса сома айыппұл салынды. Тағы 41 іс сотқа жіберілді. Бұл туралы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мәлімдеді. Мәселен облыс орталығындағы қалалық аурухананың жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан мердігер жобаны өз еркімен өзгертіп, құрылыс материалдарын ауыстырып жіберген. Емдеу мекемесінің қабырғаларын, төбесі мен еденін де сапасыз жөндеген. Онымен қоймай, нысанды дер кезінде пайдалануға бермеген. Сондай-ақ Көкшетау қаласы іргесіндегі Красный-Яр елді мекеніндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысынан да бірнеше заңбұзушылық анықталды.
"Тексеріс нәтижелерінде белгіленген сараптамадан өткен жобалық шешімдерден ауытқу анықталды. Тексеріс нәтижесінде әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама жасалды. Осы хаттама бойынша орта кәсіпкерлік субьектілеріне 800 айлық есептік мөлшерінде айыппұл көрсетілген және лицензиядан айыру қарастырылған",-дейді Ақмола облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы Айдын Жеңіс.