Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қазақстан Азия даму банкінен 240 млн доллар қарыз алатын болды

AstanaTV
10.05.2017ж. 20:00
2386
Қазақстан Азия даму банкінен 240 млн доллар қарыз алатын болды

Сыртқы қарыз өседі. Қазақстан Азия даму банкінен қомақты қарыз алатын болды. Бұл бойынша ұсынысты бүгін мәжіліс депутаттары қолдады. Қомақты қаражат Ақтөбе-Мақат тас жолын қайта жөндеуге жұмсалмақ. Яғни бас-аяғы 300 шақырым жол күрделі жөндеуден өтеді деген жоспар бар. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бұл несиені алу еліміз үшін аса маңызды деп отыр.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Еліміздің сыртқы қарызы тағы да 240 млн долларға ұлғайатын болды. Азия даму банкінен алайық деп отырған қомақты қаражат 300 шақырым жолды қайта жөндеуге жұмсалады, министрліктің ақпаратынша, жалпы алғанда бұған шамамен 273 млн доллар керек. Қомақты бөлігін Азия даму банкінен алу көзделіп отыр. Тағы 33 млн доллар мемлекет есебінен қаржыландырылады.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

Займ, 5,5 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 18 жылға берілді. Пайыздық өлшемі 0,16 көлімінде болмақ.

Министр Ақтөбе-Мақат жолының экономикалық маңызы зор екенін айтты. Каспий жағалауы елдерімен қатар Қытай, Ресей, және оңтүстік-шығыс Азияға жол ашылмақ. Дегенмен депутат Сергей Симонов  жөндеу жұмыстары 2015 те басталып, 2019-шы жылы бітуі керек болғанын айтып қалды. Енді жөндеу жұмыстары 2019-шы жылы басталса, кемінде 2 жылға созылады. 

Сергей Симонов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Бұл жол құрылысын қаржыландыруда 3 бағыт бар.  Азия даму банкі, Ислам банкі және Ұлттық қор. Ал, жұмыс 2021-ші жылы бітеді деп жоспарлап отырсыздар. Бір жолға неге екі банктен қарыз аламыз және келісімнің мұншалықты созылуына не себеп?

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

Елде бір мезетте 4,5 мың шақырымдай жол жөнделіп жатыр, ал олардың құрылысына бірден көлемді қаражат тарту бюджетке салмақ салады. Мұнымен қатар Қазақстан әріптестік орнатқан 4 банктің шектеулі лимиті бар. Қазақстанға лимиттен артық берілмеген.

Жол мәселесі сөз болған жиында депутат Нұрлан Дулатбеков ел премьеріне сауал жолдады. Онда Астана-Щучинск тас жолында ЖКО былтырғымен салыстырғанда 70 пайызға артқанын айтып, алаңдаушылық білдірді. Онда 88 адам көз жұмыпты. 

Нұрлан Дулатбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Анализ көрсеткендей, көбінде жол ережесін сақтамаудан осындай оқиғалар болып жатады. Жылдамдықты асырып, жаяу жүргіншілерге жол бермейді, ара қашықтық сақталмайды. Бірақ жол бойында жөндеу кезінде қойылған белгілер, жөндеу бітсе де, айлап тұрады. Бұл жолды барынша бөгейді.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Депутат үкімет халықаралық тәжірибеге сүйеніп, осындай күре жолдарға жылдамдықты шектейтін белгілер қойып, жылдамдық өлшейтін камералар орнатса деп отыр.