«Қазгидромет» мамандары 2024-2025 жылғы қыс мезгіліне арналған маусымдық ауа райы болжамын жариялап, ел аумағында қандай ауа райы болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Желтоқсан
Желтоқсанда елдің басым бөлігінде циклондардың белсенділігі артады. Бұл құбылыс қар жаууымен, борандармен және екпінді желмен қатар жүреді. Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде жаңбыр мен қар жауып, таулы аймақтарда қар қалың түсуі мүмкін. Батыс пен оңтүстікте көктайғақ пен тұман жиі болады.
Синоптиктердің мәліметінше, солтүстік-батыс және солтүстіктен келетін антициклондар ауа температурасын айтарлықтай төмендетуі ықтимал.
Қаңтар мен ақпан
Қаңтарда Қазақстанның көп бөлігінде ауа температурасы климаттық нормаға сәйкес болады деп болжанып отыр. Ақпанда ауа температурасы нормадан 1°С-қа жоғары болуы ықтимал.
Қысқы кезеңнің жалпы сипаттамасы
2024-2025 жылғы қыс мезгілінде ел аумағында температуралық режим климаттық норма шегінде болады. Дегенмен, жауын-шашын мөлшері көпжылдық нормадан артық түсуі мүмкін. Синоптиктер кей кезеңдерде жауын-шашынның тоқтап, ауа температурасының аномальды төмендеуі мүмкін екенін де ескертті.
«Қазгидромет» мамандары ел тұрғындарын қыс мезгілінде ауа райы өзгерістерін бақылап, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.