Алматы облысында өгей баласын өлтірген әйел мен оның сыбайластарына қатысты сот басталды. Алдын ала тыңдалымда күдіктілерге төрт бірдей бап бойынша айыптар тағылды. Шәрипа Ақбердиева мен оның балалары адам өлтіру, адам ұрлау, кәмелетке толмаған баланы қылмысқа тарту, ұйымдасып қылмысқа бару сияқты айыптаулар негізінде өмір бақи түрмеде отыру жазасына кесілуі мүмкін. Ал марқұмның туыстары өрімдей балаға қол салған «бестікке» ең ауыр жаза тағайындауды талап етіп отыр.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Қанқұйлы қылмыс биыл қаңтарда орын алған. Сабақтан шыққан баланы ұрлап әкеткен топ, оны саяжайлардың бірінде өлтірген. Полиция көп ұзамай қылмысқа барған Өркен Азаматұлының өгей шешесі екенін анықтады. Адам өліміне күдікті ретінде бірнеше адам құрықталды. Өзара сөз байласу арқылы адам өлтірген «бестік» қылмысты кек алу мақсатында жасағандарын айтқан.
Арыстанбек Әлекенов, прокурор:
Темір Ақбердиев пен Гулямов Өркен Азаматұлын өлтіріп, алдына ала қазылып қойған үйдегі шұңқырға көмуі керек болған. Бұл жоспарды Ақбердиева алдын ала айтып, қылмыс жасаудағы әркімнің рөлін айтып түсіндірген.
Қылмыс Алматы облысы аумағында орын алғандықтан, сот Қаскелеңде өтіп жатыр. Өркеннің өгей шешесі Шәрипа Ақбердиева, оның балалары Темір мен Айдана, кәмелетке толмаған Қадыржан Гулямов пен такси жүргізушісі Руслан Мұтәлиев айыпкер орындығында. Бейкүнә баланы айуандықпен өлтірген топқа ең ауыр айыптар тағылып отыр. Күдіктілердің ісі Қылмыстық кодекстің төрт бірдей бабы бойынша тергелді. Азаптау көріністері болғандықтан, қазы істі жабық түрде қарауды ұсынды.
Сот ашық болсын, жабық өткеніне қарсымын. Бүкіл Қазақстан көрсін.
Басты күдікті әйелге Қылмыстық кодекстің 132-бабы, яғни кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтарға итермелеу бойынша қосымша айып тағылған. Бұл туралы бүгін белгілі болды. Өркеннің әкесі мен туған анасы сұқбат беруден бас тартты. Ал баланы бағып-қағып өсірген әжесі соттан әділ жаза кесуді сұрады.
Бағдагүл Есібекова, Өркен Азаматұлының әжесі:
Ертеңгі күні мұндай жауыздар басқаның баласын өлтіруі де мүмкін. Менің соттан да, Алладан да тілейтінім осы. Олар өмірбақи түрмеге жабылсын.
Күдіктілер сот залында өздерін салқынқанды ұстады. Жауап алу барысында тағылған айыптармен келісетінін айтты. Жүргізуші ретінде барған Руслан Мұтәлиев, қолын қанға малған отбасы мүшелерінің қылмыс жасау ниетінің бар екенін білмедім, деп мәлімдеді. Кезекті сот отырысы 15 мамырға белгіленді.
Ришат
АСҚАРБЕКҰЛЫ