Қазіргі таңда Нұрлан Әлімжанов пен Әйкерім Қалаубаеваның бірге шырқайтын 5-6 әні бар. Әріптестер мерекелік кештер мен тойды жұптасып жүргізеді. Десек те олардың жұмыс барысындағы видеоларын көрген халық бір-біріне ғашық деп топшылайтын көрінеді.
Әйкеріммен ән салғанда қуанамын. «Нұрлан Әйкерімге ғашық көзбен қарап қалды, Әйкерім де Нұрланға ғашық көзбен қарады» деген неше түрлі қауесет сөздер бар. Иә, ол құрметтік ғашық көз, сыйластық ғашық көз. Ондай да болады. Кіндіктен төмен ғашық көз болады, бірақ біздікі ондай емес. Мына жүректегі шынайы, риясыз достық ғашық көз. Өйткені адамдарға өнеріңді шынайы көрсету үшін саламыз. Ән айту да кішігірім спектакль ғой. Мен ана бұрышқа тығылып, бір-бірімізден тығылып ән айтсақ ол жүрекке қалай жетеді? Ол әнді халыққа жеткізу үшін сол әннің образына кіруің керек қой. Мен актермін, ол актриса. Халық қолдап жатқан кезде өмірдегі Нұрлан мен Әйкерімнен тыс бізді өнер шабыттандырады. Менің кәсіби актерлік қабілетім қосылып кетеді де, мен Айгерімге сондай көзқараспен қараймын. Мысалы, мен Айгерім Қалаубаевамен той жүргізгенде рақаттамын. Өйткені біз 25 жыл доспыз, ол менің не айтатынымды, мен оның не айтатынын білемін, – дейді актер.
Әлеуметтік желідегі жұртты қызықтырған Нұрлан Әлімжанов пен Әйгерім Қалаубаеваның өз отбасы бар ма деген сұраққа да актердің өзі ашық жауап берді.
Менің отбасым бар, аяулы жарым бар. Әйкерімнің өз отбасы, бала-шағасы бар. Балаларымның бәрі біледі, шығармашылығымызды үйде кәдімгідей талқылаймыз. «О, күшті орындадыңыздар. Мәссаған, мына көзқарастарыңыз керемет болды» деп балаларымызға дейін талқылап, бір-бірімізді кәдімгідей қолпаштап отырамыз. Біз отбасылық доспыз. Мен Әйкерімнің ата-анасын танимын, ол менің ата-анамды таниды. Бір-біріміздің үйімізде шай ішіп, асылған етімізді жеп жүретін жандармыз, – деді Нұрлан Әлімжанов.