$497.89 €525.12 ₽5
×

Трамп тағы бір тележүргізушіні министр етіп тағайындамақ

AstanaTV
19.11.2024ж. 14:33
62
Трамп тағы бір тележүргізушіні министр етіп тағайындамақ

АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Көлік министрі қызметіне Шон Даффиді ұсынды, деп жазады NBC News.

Шон Даффи - бұрынғы конгрессмен және ол да Трамп өткен аптада қорғаныс министрі етіп сайлаған Пит Хегсет сияқты Fox телеарнасының жүргізушісі болып жұмыс жасайды.

Дональд Трамп Висконсиннен шыққан республикашыл Шон Даффиді «көрнекті әрі бәрі жақсы көретін мемлекеттік қызметкер» деп сипаттады.

«Конгресстегі уақытында Шон республикалық конференцияда фискалды жауапкершілікті, экономикалық өсуді және ауылды дамытуды жақтайтын құрметті спикер болды», - деді Дональд Трамп.

Шон Даффи «X» әлеуметтік желісіндегі мәлімдемесінде: «Рахмет, президент мырза. Мен сізге көліктің алтын дәуірін бастауға көмектесуге асықпын» деп жазды.

Бұл қызмет Сенаттың мақұлдауын талап етеді. Кадр саясаты басқармасының мәліметінше, көлік министрлігінде 58 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

53 жастағы Шон Даффи 2011-2019 жылдар аралығында Өкілдер палатасында қызмет еткен. Ол Қаржы қызметтері комитетінің мүшесі әрі Қадағалау және тергеу жөніндегі кіші комитеттің төрағасы болды. Ол 2019 жылдың қыркүйегінде баласының жүрек ауруымен туатынын білгеннен кейін Конгресстен кетіп қалды.

Өкілдер палатасына сайланғанға дейін Шон Даффи Висконсин штатындағы Ашлендте арнайы прокурор, содан кейін Ашленд округінің прокуроры болды.