$494.87 €520.65 ₽4.91
×

AMANAT партиясының БҚО-дағы партиялық бақылау комиссиясы өңірдегі тас жолдардың жағдайын тексерді

19.11.2024ж. 20:00
248
AMANAT партиясының БҚО-дағы партиялық бақылау комиссиясы өңірдегі тас жолдардың жағдайын тексерді

Батыс Қазақстан облысындағы республикалық жолдарда жол апаты азаяр емес. Жыл басынан бері тас жолдағы оқыс оқиғадан 41 адам қаза тапқан. Бүгін AMANAT партиясының партиялық бақылау комиссиясы күре жолдың жағдайын тексеріп, арнайы рейд жүргізді. Республикалық маңызы бар Чапай-Казталовка тас жолының 18 шақырымы бүгінде жолаушылар үшін азап жолына айналған. Ой-шұқыры көп аумақта болған жол апатынан 4 азамат мерт болды. Осыдан кейін полиция жолды күтіп-ұстау бойынша 47 ұйғарым беріп, кінәлілерді жазаға тартқан.

ЕРБОЛ АМАНҒАЛИЕВ, БҚО ПД ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

44 лауазымды тұлға әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 631-бабы бойынша бойынша жауапкершілікке тартылды және осы жолдың иесі «Қазавтожол» АҚ компаниясы осы берілген ұйғарымдарды орындамағаны үшін 41 рет жауапкершілікке тартылды.

Аяқ астынан апатқа түсіп, қайғыдан қан жұтқан тұрғындар партиядан көмек сұрады. Өйткені берілген жазадан тозығы жеткен жолдың жағдайы жақсарып кетпейді. Сондықтан нақты іске кірісу қажет, дейді партиялықтар. Олардың дерегінше, келер көктемде жолдың жағдайы түзеледі. Сараптама жұмыстары аяқталғасын, орташа жөндеуге 2 миллиард теңге бөлу қарастырылып отыр. 

МАХАМБЕТ СҰЛТАНҒАЛИЕВ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ БҚОФ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бізге жолға көңілі толмаған жолаушылардан шағым көп түседі. Бүгін жауапты мекеме өкілдерімен бірге жағдайға зер салдық. Жол қатты бүлінген, жүру мүмкін емес. Енді бұл іске көлік инспекциясын тартамыз. Өйткені жолды зақымдайтын ауыр жүк көліктерінің қозғалысын реттеу керек. Келер жылдың сәуір-мамыр айында жолдың 18 шақырымы жөнделеді.