Енді көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарына дихандар желтоқсан айынан бастап қаржыландырылады. Үкімет басшысы Олжас Бектенов бүгін жауаптыларға осындай тапсырма жүктеді. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов бұл мақсатта қазынадан 45 млрд теңге жұмсау көзделіп отырғанын айтты. Ол үшін қаулы жобасы әзірленіп, ол Үкімет отырысының қарауына шығарылған.
АЗАТ СҰЛТАНОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Бұл шешімді күтпестен Аграрлық несие корпорациясы 29 қарашадан бастап 100 млрд теңге көлемінде қаржыландыруды бастайды. Қазірдің өзінде 500-ден аса ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден өтінімдер келіп түсті. Қаражат екінші деңгейдегі банктер, несие серіктестіктері, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және Аграрлық кредиттік корпорацияның өзі арқылы фермерлерге қолжетімді болады.
Бұдан бөлек, үкімет басшысы дихандарды қаржыландыруды ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Бәйтерек» холдингіне міндеттеді. Премьер-министр ең алдымен қолжетімді несиелеуді қолға алу керек деді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Несиелеу тетігі есебінен 2 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші техника паркін жаңартуға мүмкіндік алды. Бұл ретте, техниканы жыл сайын 8-10% деңгейінде жаңартып отыру үшін жеңілдетілген лизингтік қаржыландыру көлемін ұлғайтып қана қоймай, құрастыру зауыттарында өндірісті локализациялау деңгейін арттыру қажет.