$497.26 €525.21 ₽4.97
×

"Дәрігерлердің салғырттығынан сәбиімізден айырылдық" , - ата-ана

19.11.2024ж. 20:00
63
"Дәрігерлердің салғырттығынан сәбиімізден айырылдық" , - ата-ана

Дәрігерлердің немқұрайлығынан жаңа туған сәбиімізден айырылдық. Қайғы жамылған ақмолалық отбасы осылай дейді. Айтуларынша ақ халаттылар айы-күні жеткен анаға дұрыс көңіл бөлмеген. Дәрігерлер бұған не дейді? Тараптар пікірін тілшіміз Айбек Салдатбек тыңдады. 

Айғаным Қалабай 14 қараша күні жолдама арқылы 2-ші көпбейінді облыстық аурухананың перзентханасына келген. Алайда қабылдау бөліміндегілер "босануға әлі ерте" деп үйіне қайтарып жіберіпті. Жедел операция келесі күні жасалған.

АЙҒАНЫМ ҚАЛАБАЙ, ҚАЖЫМҰҚАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

15-і таңертең келдім, маған айтады: неге қайтып келдің, сен айттым ғой 21-і таңертең келесің деп, қазір жатсаң жат, бірақ саған операцияны 22-сі жасайды. Ешқандай ерте жасамайды, кіресің де жатасың осында деді. 15-і кешке қарай босандым. Бала жақсы, бала жақсы, осында, кешке қарай әкеп береді. Әкелмейді, уже бір сағат, бір жарым сағат өтті уже, палатаға ауыстырды, бала жоқ.

Айғанымның туыстары дер кезінде шара қабылданбағандықтан іштегі бала суға тұншығып, өкпесіне инфекция түскенін, салдарынан екі күн қатарынан ауыр халде реанимацияда жатқанын айтты. Ал нәресте қайтыс болған соң аурухана жағы көңіл сұрауға да жарамады дейді.

ГҮЛЗАДА ЕЛУБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мен келгенше уже бала деген о дүниеге аттанып кеткен. Заведующийлеріне кіріп жатсақ ол кісілер біз ештеңе білмейміз, кеше сменада болған адамдар бұл жерде жоқ дейді. Сонда жауапкершілік қайда? Біздің алдымызға, бала өліп жатқанда, ана баладан айырылып жатқанда, сонда онда қандай жұмыс болуы мүмкін ол врачтар, айтыңызшы?

Дәрігерлер жасалған диагностика кезінде нәтижелері жақсы болған соң Айғанымның үйіне қайтарылғанын айтты. Ал нақты шешім тәуелсіз сарапшылардың тексеруінен соң белгілі болады.

СЕРЖАН ӘБДЕШОВ, №2 КӨПБЕЙІНДІ ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНА БОСАНУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Полностью әлі біз ешнәрсе айта алмаймыз. Өйткені гиссологиялық, патоморфологиялық заключение, қорытындысы жоқ. Қорытынды қалай келеді, соған байланысты әр этапта өзінің жаңағы болған оқиғаны зерттейміз. Біз разбор өткіземіз әлі, анықтаймыз алдағы уақытта.

Туа сала шетінеген шақалақты жақындары бүгін жер қойнына тапсырды. Енді болған оқиғаға байланысты әділ шешім шыққанын күтіп отыр.