$497.26 €525.21 ₽4.97
×

Павлодарда 15 адам тілсіз жаудың құрбаны болды

19.11.2024ж. 20:00
68
Павлодарда 15 адам тілсіз жаудың құрбаны болды

Қарағанды облысында тұрғын үйде өрт болып, бір адам қаза тапты. Тағы бір тұрғын ауруханада ауыр халде жатыр. Төтенше жағдай қызметкерлері 12 адамды әрең құтқарған. Дер кезінде эвакуациялап, қызыл жалынды ауыздықтады. Жалпы елімізде соңғы уақытта өрт оқиғасы жиілеп тұр. Оған не себеп? Тілшілер тарқатып айтады. 

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:
Қарағанды облысында өрт жиілеп тұр. Жыл басынан бері 5 жүзге тарта оқиға тіркелген. Салдарынан 27 адам қаза тапқан. Ең соңғысы өткен түнде қаладағы пәтерлердің бірінде түтінге тұншығып қайтыс болды. 42 жастағы ер адам 4- інші қабатта жанған пәтердің қожайыны. Құтқару қалпағымен от ортасынан шығарылса да көміртегі тотығымен қатты уланғандықтан жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Сол үйдің тағы екі тұрғынының біреуі ауруханада орташа ауыр жағдайда жатыр. Біреуі медициналық көмектен бас тартқан. Жалпы өрт 20 шаршы метр аумақты шарпып, жиһаз, үй заттары және балконның ішкі ағаш қаптамасы жанған. Қою түтіннен көршілеріне үлкен қауіп төнеді. Төтенше жағдай қызметкерлері адамдарды баспалдақпен шығарып үлгеріпті.
НҰРЛАН ЖАҚЫПБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
“Департамент қызметкерлерінің үйлесімді іс- қимылдарының арқасында 12 адам эвакуацияланды. Олардың арасында 5 бала болды. Оқиғаның алдын ала себебі - ашық от көзі және сөндірілмеген темекі не сіріңке ”.
Өрт салдарынан бірнеше пәтер бүлінген. Көршілер жанған пәтер қожайыны ішімдікке әуес болған дейді. Тұрғындар енді шығынды ешкімнен өндіре алмайды.

ҮМІТ СЫЗДЫҚОВА, ТҰРҒЫН:
“Не свет жоқ, не батарея жоқ отырмыз. Енді білмеймін, мына қалай жасаймын, мен 72 ге келем пенсионермін. Жалғыз тұрам”.
Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:
“Мамандардың айтуынша жыл бойы өрттен құтқарылған 27 адам түрлі жарақат алған. Араларында ауру болып қалғандар да бар. Оқыс жағдайларға 100 пайыз қарапайым ғана қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп болады. Газ баллонын жылыту, пешке киім кептіру, темекі шоғын сөндірмеу, электр құралдарын дұрыс қолданбау. Міне, осылар. Әрі қарай павлодарлық әріптесім Өзггеріс Қуанар жалғайды.
ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Павлодарда биыл 15 адам тілсіз жаудың құрбаны болды. Оның ішінде балалар да бар. Ал 5 адамды күйік шалған. Бұған өрт талаптарын сақтамау себеп болыпты.
Төтенше жағдай мамандарының дерегінше, жыл басынан бері 246 өрт оқиғасы тіркелген. Оның 100-ден астам жеке үйлерде тұтанған. Өкінішке қарай, көпшілік пешті қолдану ережелерін сақтамайды. Соның кесірінен 142 млн. теңге шығын келген.

ОРАЗБЕК УӘЛИХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:
Өрттердің ең басты шығу себептері пештерді қолдану және орнату кезінде өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамау және өртпен абайсыз қолдану. Және электр жабдықтарын пайдалану кезінде ережелерін бұзу болып болып табылады.
Төтеншеліктер өрттің алдын алу мақсатында апта сайын рейдтік шаралар ұйымдастырады. Одан бөлек әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға улы газдан қорғайтын 600 құрылғы орнатқан.

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, өрт оқиғалары 40 пайызға азайған. Десе де, мамандар арқаны кеңге салуға болмайтынын айтады. Қыс мезгілі жақындаған сайын қауіптілік деңгейі де өрши түспек.