$497.26 €525.21 ₽4.97
×

«Қалың мал мен мәһір қыздың разылығы бойынша ғана біріктіріледі» - ҚМДБ

19.11.2024ж. 20:00
65
«Қалың мал мен мәһір қыздың разылығы бойынша ғана біріктіріледі» - ҚМДБ

Қалың мал мен мәһір біріктірілді. Осы ақпаратты ести сала жігіттер жағы атой салып, біраз қуанды. Ал талабы таудай қыздар қауымы, керісінше, бұл жаңалықты жабырқап қарсы алғандай. Осылайша Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының ғұламалар кеңесі шығарған пәтуа қызу талқыға түсті. Енді күйеужігіт екі рет шығындалмай, қыз ақысы ретінде не қалың малды, не мәһірді ғана бере алады. Әрине, тек қалыңдықтың разылығымен. Бұған сарапшылар не дейді? Мөлдір Жақан тілдесті. 

Мүфтияттың шешіміне сәйкес ұзатылатын қызға күйеуі тарапынан берілетін қалың малды мәһір деп санауға болады. Оны қалыңдық артынан алып баратын жасауына пайдалана алады. Бастысы, қыздың өзі осы шешімге разы болуы тиіс. Ал дәстүріміздегі өзге де «Әке еңбегі», «Ана сүті» сияқты сый-сияпаттар мәһірге жатпайды.

ЕЛБЕК ТАСБОЛАТҰЛЫ, ҚМДБ ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:

Тыйым салынбайды. Бірақ алдын ала келісіп алады. Қазір неке қияр рәсімінде қыз не сұрайды, соны жігіт беру керек деген бір қате ұғым қалыптасқан. Сюрприз жасаған сияқты, не айтатыны белгісіз, соңғы уақытқа дейін жұмбақ болып тұратын нәрсе емес негізі. Мәһір алдын ала келісіледі, қалыңмалды мәһір деп есептей ме - оны да алдын ала келіседі.

Бұл жаңалық ер-азаматтардың құлағына майдай жағып, әлеуметтік желіде қызу талқыға түскені рас. Соңғы кезде қалыңмалдың көлемі 3-4 миллион теңгеге дейін баратын болған. Мәһір мөлшері де күннен күнге өсіп барады. Жеке ұшақ, қымбат көлік сұрайтын сылқымдар бар. Көрпеге қарай көсіліп, жағдайды ескеруді ұмытып кеткен тәрізді.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ПІКІРЛЕР:

- Өте дұрыс, әйтпесе, "мәһір" деп, не болса соны сұрайды.
- Жастарға сауап болды! Құтырған қазіргі жастар! Отбасы құндылығына тек бақытты болуды тілеуіміз керек.
- Қалың малды онда керемет қылып берсін, жарымағандай қылмай!
- Бұрын "мәһір" деген нәрсені білмейтін едік, қазір ғой мода қылып алған.

Тарихшы, теолог Ерғали Зайытханұлы мұнымен келіспейді. «Әр қазақтың қызы – құнды» дейді ол. Сөзінше, қалыңмал -қыздың ата-анасына берілетін ақы. Ал қызға арналған сыйлық-мәһрді қалыңмалмен шатастыруға болмайды.

ЕРҒАЛИ ЗАЙЫТХАНҰЛЫ, ТАРИХШЫ-ТЕОЛОГ:

Мәһірді молдалардың, имамдардың өздері неке кезінде қызға берілетін сыйлық дейді. Кезінде біз де үйлендік қой. Ақырын ғана сұрап, алтын алқа, жүзік деп қыздың өзіне жеке басына сыйлық ретінде берілетін келісім арқылы. Ал қалыңмалға қыз араласпайды, көбіне жігіт пен қыздың әке шешесі келісіп берген. Бұл қыздың ата-анасына берілетін ақы. Сондықтан ата-анаға берілетін ақы мен қыздың өзіне берілетін ақыны шатастыруға болмайды.

Келісіп пішкен тон келте болмас. Бастысы - екі тарап та разы болып, отбасылық өмірге қадам басқан жас жұбайлардың көңіліне кірбің түспесе игі.