Қазақстан мен Ресей тауар айналымын 30 млрд долларға жеткізбек. Солтүстіктегі көршімен бірлесе қандай салалар қарқын алады? Қандай жобалар жүзеге асады? Толығырақ әріптесім Еркелді Тілеуқұл айтады.
7 мың шақырым ортақ шекарада экономикалық байланыстың тығыз болмауы мүмкін емес. Бұл -қазақстандық та, ресейлік те сарапшылардың айнымас пікірі. Солтүстік көршіміздің 76 өңірі елімізбен тікелей экономикалық байланыс орнатқан. Сондықтан, екі арада құны 26 млрд доллар болатын 135 бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Оның 28 проценті жұмысын бастап та кетті. Ал, қалғаны сәтті іске қосылса, 28 мың жаңа жұмыс орны пайда болады.
БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:
4 млрд долларға жуық қаражатты қарастыратын автоөнеркәсіп, энергетика сияқты салалар қарқын алып жатыр. Сонымен қатар, Қазақстандық компаниялардың Ресей тарапынан үлесі 18 мыңға жеткен. Міне, осындай статистикалық көрсеткіштердің барлығы алдағы инвестициялық жобалардың қарқыны тез болатынын көрсетіп отыр.
Ресейге өз өнімін экспорттайтын кәсіпорындардың бірі- Қызылжарда орналасқан. Теріскейдегі сүт зауыты 20 түрлі өнім шығарады.
ПАВЕЛ СЕЛИВАНОВ, КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫ:
Жалпы, Солтүстік-Қазақстан облысында жылына 350 мың тонна сүт өндіріледі. Соның басым көпшілігі біздің зауыттың еншісінде. Себебі, біз небәрі бір тәулікте 400 тонна өндіреміз. Май, ірімшік, сүт, қаймақ сияқты өнімдерімізбен Ішкі нарықтан бөлек, көрші елді де қамтып отырмыз.
Қазақстан сыртқы саудасының басым көпшілігі Ресей аумағы арқылы жүргізіледі. Ресей де Орта Азия мен Сары құрлықтың оңтүстігіндегі мемлекеттерге біз арқылы шығады. Осылайша, қос мемлекет өзара тәуелді.
БЕКНҰР КИСИКОВ, ЭКОНОМИСТ:
Көлік логистикасы мен айтқанымдай, бізде энергия ресурстарының жартысынан көбі Ресей арқылы өтеді, сондықтан бұл -біз үшін маңызды транзиттік жол. Ресейдің өзі үшін Қазақстанға деген қызығушылық біз арқылы Орталық Азия мен Қытайға өтеді. Ал, Қытай, біз білетіндей – әлемдегі ең үлкен тұтынушы мемлекет.
Айта кетейік, соңғы 18 жылда Ресей Қазақстан экономикасына 20 млрд Долларға жуық инвестиция салған. Еліміз Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше мемлекеттермен сауда айналымы 19 млрд доллар болса, соның 91 пайызы Ресей үлесінде. Солтүстіктегі көршіге экспортталатын негізгі тауар қатарында химиялық өнімдер, құрылыс материалдары мен металл бар.