$497.26 €525.21 ₽4.97
×

Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейстері ашылуы мүмкін

19.11.2024ж. 20:00
65
Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейстері ашылуы мүмкін

Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейстері ашылуы мүмкін. Бұл туралы Мемлекет басшысы Сербияға ресми сапары кезінде айтты. Бұл -Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде Сербияға алғашқы сапары. Мұнда жоғары деңгейдегі келіссөздер өтті. Қос тарап екі елдің саяси, сауда-экономика, көлік-логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзекті мәселелерді талқылады. 

Сербия сарайының алдындағы алаңда Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті. Алдымен құрмет қарауылы сап түзеді. Артынша рапорт беріп, екі елдің әнұраны шырқалды. Он рет зеңбіректен оқ атылып, президенттер бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. 

Осыдан кейін Мемлекет басшысы Сербия Президенті Александр Вучичпен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Соңғы жылдары Астана мен Белград экономикалық ықпалдастықты нығайту үшін нақты шаралар қабылдап, сауда және инвестициялық байланыстарды белсенді дамытып келеді. Тіпті, Сербия халқы көктемгі су тасқыны кезінде көмек көрсеткен еді. Бұл – екі ел арасындағы шынайы достықтың көрінісі. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сербия – Қазақстанның Балқан түбегіндегі ниеттес әрі тілеулес сенімді серіктесі. Достығымыз өзара сыйластық пен қолдауға негізделген. Бүгінде берік әрі мазмұнды қарым-қатынасымыздың аясы кеңейіп келеді. Жаңа салалар бойынша ықпалдастық орната бастадық.

Ал, кеңейтілген құрамда өткен кездесуде тараптар алдағы уақытта екіжақты сауда-саттық көлемін ұлғайтуға ниетті екендерін айтты. Әсіресе, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қорғаныс өнеркәсібі мен цифрландыру, телекоммуникация және аэроғарыш саласында ірі жобалар жасауға мүмкіндік көп. Қос тарап Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейстерін ашуды да көздеп отыр. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл, ең алдымен, Сербияның және оның басшысы – Президент Александр Вучичтің халықаралық беделінің жоғары екенін айғақтайды.

Сербия – ауыл шаруашылығы саласында мол тәжірибесі бар ел. Осыны ескеріп, қос тарап өзара тиімді қарым-қатынасты дамытуға уағдаласты. Ветеринария, генетикалық ресурстарды кеңейту, органикалық ауыл шаруашылығы, өсімдіктер биотехнологиясы секторында тәжірибе алмасуға келісті. Келіссөздер барысында жаһандық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері де қозғалды 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан мен Сербия халықаралық және өңірлік деңгейде тығыз байланыс орнатқан. Көптеген өзекті мәселе бойынша ұстанымдарымыз – ортақ. Қазіргі геосаяси жағдай күрделі. Сол себепті, біз ықпалдастығымызды одан әрі күшейтуге мүдделі екенімізді растадық.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичті келесі жылы Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.