$495.2 €522.34 ₽4.94
×

Былтыр АӨСШК мемлекеттері арасында сауда айналымы 82 млрд долларға жетті

20.11.2024ж. 20:00
69
Былтыр АӨСШК мемлекеттері арасында сауда айналымы 82 млрд долларға жетті

Қазақстанның сыртқы сауда палатасы Әзербайжанмен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің пленарлық отырысы мен бизнес-форумында айтылды. Бүгінде ұйымға 28 ел мүшелік етіп отыр. Былтыр мемлекеттер арасында сауда-саттық айналымы 5%-ке өсіп, 82 млрд долларға жетті. Сондай-ақ осы елдер капиталының қатысуымен Қазақстанда 36 мыңнан астам компания жұмыс істеп жатыр. Ал тартылған инвестиция көлемі - 1,6 млрд доллар. Бас хатшы Қайрат Сарыбай Қазақстан төрағалық еткен төрт жылда ұйым бірқатар жетістікке қол жеткізгенін айтты. 

ҚАЙРАТ САРЫБАЙ, АӨСШК БАС ХАТШЫСЫ:

Астанада өткен 6-шы саммитте ұйымның қоры құрылды. Қор практикалық нақты нәтижелерге қол жеткізудің бірегей тетігін ұсынады. Сондай-ақ мемлекеттер су ресурстарын басқару, климаттың өзгеруіне қарсы шаралар қабылдауда ынтымақтастықты нығайтуға міндеттелді. Бұдан өзге жастар кеңесінің отырысы өтті және оның аясында еріктілер қозғалысы көшбасшыларының слеті ұйымдастырылды. Бұл волонтерлік ұйымдар арасындағы тәжірибе алмасуға бағытталған.

Жиынға қатысушылар шағын және орта бизнесті дамыту үшін жасанды интеллектті пайдалану, ондағы әйелдердің мүмкіндіктерін арттыру мәселесін талқылады. Электрондық коммерцияны дамыту есебінен трансшекаралық сауданы кеңейту де назардан тыс қалмады. Алдағы уақытта Қазақстан кеңеске төрағалықты Әзербайжанға тапсырмақ. 

РАЙЫМБЕК БАТАЛОВ, «АТАМЕКЕН» ҚР ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ТӨРАЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бүгінде ұйымға мүшелік етіп отырған елдерде көлік және логистика, ақпараттық технологиялар, креативті экономика салалары жоғары сұранысқа ие. Соңғы 4 жыл бойы мемлекеттік органдар мен шағын және орта бизнес өкілдерінің белсенділігін байқадық. Елдер өзара ықпалдыастықты арттыруға зор мүмкіндік алды. Қазақстан кеңес жұмысын жаңа деңгейге көтерді деп нық сеніммен айта аламыз.