«Жақын арада ауқымды девальвация болмайды». Сарапшылар осылай дейді. Доллар бағамы 500 теңгеге жетті. Экономистер мұның себебін әрқалай топшылайды. Мұнай бағасының кезекті рет құлдырауы, доллар индексінің әлемде нығаюын жарыса айтып жатыр. Бүгінде мұнай бағасы барреліне 71-72 доллар деңгейіне дейін төмендеді. Бір қызығы, доллардың күшіне мінуіне Дональд Трамптың АҚШ Президенті болып сайлануы да әсер еткен.
МЕРУЕРТ МАХМҰТОВА, ЭКОНОМИСТ:
Егер де АҚШ мұнайдың өндірісін ұлғайтып, мұнайдың бағасын төмендетіп жатса, ол, әрине, теңгеміздің құнсыздануына жол ашады. Бірақ ол қаншалықты іске қосылатыны да сұрақ тудырады. Қытаймен сауданы өзгертіп, Қытай тауарларына тарифтерді көтеремін деп жатыр Трамп. Тарифке байланысты қымбаттап жатса, Қытай экономикасында да сұраныс төмендейді.
Валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс теңгерімінің бұзылуы инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізеді. Инвестициялық жобалардың қымбаттауына және жалпы инфляциялық қысымның артуына алып келеді. Осыған байланысты Ұлттық банк нақты шешімдер қабылдамақ.
ӘЛИЯ МОЛДАБЕКОВА, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Валюта нарығындағы теңгерімділікті арттыру мақсатында квазимемлекеттік сектор субъектілері валюталық түсімдерінің 50%-ын міндетті түрде сату талабы қайта енгізіледі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаулысы мен Ұлттық Банктің бұйрығы әзірленіп, жақын күндері қабылданады. Бұл талап - шоктарды бәсеңдету үшін жедел қолдануға болатын тиімді құрал.