Қызылжарда қалалық әкімдік жолаушылар тасымалымен айналысатын компанияларға 350 миллион теңге қарыз. Билік өкілдері жаңа автобустарға бөлінетін субсидияны дер кезінде төлемей жүр. Осының салдарынан қызмет сапасы нашарлап барады дейді кәсіпорын өкілдері. Шенеуніктер борышын қашан өтемек? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин анықтап көрді.
Болат Рақымов Петропавлдағы автобус бағыттарының тең жартысын қамтып отыр. Кәсіпкер 3 жыл бұрын мемлекеттік қолдаудың арқасында автобус паркін жаңартқан болатын. Жаңадан сатып алынған 60 автобустың әқайсысын шамамен 40 миллион теңгеден сатып алған. Қала билігімен жасалған келісім-шартқа сәйкес жергілікті бюджеттен ай сайын субсидия бөлінуі тиіс. Алайда, келісім толық орындалмай жатқан көрінеді.
БОЛАТ РАҚЫМОВ, ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛДАУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Ақша жетпей жатыр бізге. Субсидия бермей жатыр. Ай сайын жетпей жатқаны 20 пайыз. Сол жиналып жатыр енді. Шопырларға ақша жетпейді бізде. Олар басқа жұмыстарға кетіп жатыр.
Қала билігі жолаушылар тасымалымен айланысатын үш кәсіпорынға бас- аяғы 350 миллион теңге қарыз. Билік өкілдерінің айтуынша, жыл басынан бері компанияларды субсидиялауға жергілікті бюджеттен 2.7 миллиард теңге бөлінген. Шенеуніктер жуық арада қосымша қаражат қаралатынын хабарлады.
ӘСЕМ АЙТУЛОВА, ҚАЛА ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Бюджеттік комиссияда қосымша қаражат бөлу туралы сұрақ қаралды. 363 миллион теңге қосымша бөлінді. Оның 300-і автобустарды субсидиялауға және де 63-і льготный категория дейміз, бізде 12 категория бойынша тұрғындар тегін жүреді. Сол шығындарды жабу үшін 63 миллион теңге қарастырылған.
Билік тарапы қаражатты желтоқсан айының басында жіберуге уәде етіп отыр. Ал жолаушылар тасымалдау компаниялары субсидиясыз аталған саланың әбден құлдырауы мүмкін екенін айтады.