Жамбылда өзге елдің азаматтары жалған құжат жасап, емін еркін жұмыс істеп келген. 30 ға жуық мигрант өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледжге студент ретінде заңсыз тіркеліп алған. Сөйтіп жыл бойы алаңсыз жұмыс істеуге мүмкіндік алған. Тексеру нәтижесінде Тараз өңірлік университеті 19 мигрантқа жалған құжат рәсімдегені анықталды. Бұдан бөлек, бірнеше колледж 6 шетел азаматына анықтамалық құжатты қолдарына ұстата салған. Бұл заңсыздықты прокуратура мамандары әшкереледі. Жалған құжат алғандардың басым бөлігі Өзбекстан мен Түрікменстан азаматтары. Ал заңсыз құжатты қолдан жасаған университет қызметкері ай бұрын өз еркімен жұмыстан кеткен. Бірақ құзырлы орган қызметкерлері жұмыстан кеткен күдікті жазадан құтыла алмайды дейді. Бұл іске тексеріс жүргізілгенде көші-қон полициясының да былығы ашылды. Олар құқық бұзған 180 мигрантқа еш шара қолданбаған.
АСЫЛХАН ӘБІТБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ БӨЛІМ ПРОКУРОРЫ:
Шетел азаматтары ҚР аумағынан шығарылды. Жалған құжат жасаған адам қазіргі уақытта анықталды. Оның қазіргі уақытта жалғыз өзі немесе топпен жасағаны белгісіз. Қылмыстық кодекстің 385-ші бабы, 1-ші бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Санкциясына сәйкес 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.