Президент мемлекеттік сапармен Мажарстанға барды. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы ретінде бұл елге алғаш рет ат басын бұрып отыр. Екі ел басшылары ресми кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық аясын кеңейту мәселелері бойынша келіссөз жүргізді.
Ресми кездесу Будапешт қаласындағы Король сарайының Арыстандар алаңында басталды. Онда Мемлекет басшысын әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан қарсы алды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт бергеннен соң, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен кездесті. Екі ел басшылары саяси келіссөздерді түскі ас форматында отырып талқылады. Мемлекет басшысы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған отыз жылдан астам уақытта бауырлас қос халық арасында тығыз саяси диалог, нәтижелі экономикалық серіктестік және берік мәдени-гуманитарлық байланыстар жолға қойылғанын атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан мен Мажарстан ортақ тарих пен мәдениетке арқа сүйей отырып, екіжақты берік байланыс орнатты. Еуропадағы алғашқы елшілігіміз осыдан 30 жыл бұрын Будапешт қаласында ашылған болатын. Екі елдің нәтижелі ынтымақтастықты дамытуда зор әлеуеті бар. Мажарстан Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындады. Мұны ерекше атап өту керек. Менің осы сапарым көпқырлы ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге Қазақстан мен Мажарстанның ниетті екенін көрсетеді.
Тамаш Шуйок Қазақстан мен Мажарстан географиялық тұрғыдан алшақ жатқанымен, қос халықтың тарихы мен мүддесі ортақ екенін айтты.
ТАМАШ ШУЙОК, МАЖАРСТАН ПРЕЗИДЕНТІ:
Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қазақстан – бүгінде Орталық Азияда экономикалық даму тұрғысынан жетекші ел. Сіздің еліңіз үшін халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты сақтау – маңызды басымдық. Қазақстан бейбітшілік пен тұрақтылыққа зор үлес қосып келеді. Бүгінде елдеріміз көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға және тұрақты байланыстарды ілгерілетуге күш салып отыр.
Әңгімелесу барысында тараптар екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстарын күшейтуге айрықша мән берді. Әсіресе, Қазақстан мен Мажарстанның жетекші жоғары оқу орындары арасындағы академиялық және ғылыми байланысты жандандыру, қос халықтың тарихи тамырластығын терең зерттеу қажет екеніне назар аударды. Сонымен қатар президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібі, соның ішінде көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастық жөнінде пікір алмасты.